Алматыға Жеңіс Эстафетасы жеткізілді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Шекара қызметі академиясына Жеңіс Эстафетасы жеткізілді. Салтанатты әскери шараға Ұлы Отан соғысының және Қазақстан Қарулы Күштерінің ардагерлері және Медеу аудандық әкімдігінің өкілдері қатысты.
«Біз бұл Эстафетаны қабылдай отырып, бұрынғы КСРО халықтарының Ұлы Отан соғысында көрсеткен мәңгі өшпес ерліктерін қастерлейтінімзді тағы да дәлелдейміз. Әскери борышымызға қашанда адал боламыз. Егер отанға қауіпсіздік төнсе, еліміздің тәуелсіздігі үшін бар күшіміз бен өмірімізді беруге дайынбыз» - деді өз сөзінде ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясы бастығының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Алексей Горячко.
Өз кезегінде ҚР ҰҚК Шекара қызметінің «Шығыс» өңірлік басқарма бастығының тәрбие жөніндегі орынбасары, полковник Мұратбек Серікбаев аға ұрпақтың соғыс жылдарында қалыптасқан жауынгерлік дәстүрлері бүгінгі заманда да қасиетті болып есептелетіндігін жеткізді
«Шекара қызметінің әрбір офицері, сержанты, сарбазы Ұлы Отан соғысы сарбаздарының ерліктерін қашанда қастер тұтады және сыйлайды. Соғыс - адам баласы ойлап тапқан ең үлкен қасіреттердің бірі екені белгілі. Соғыс - ол сан мыңдаған жетімдер мен жесірлер, ағайын, туған-туысты жоғалту. Сондықтан соғыс өрті ешқашанда тұтанбасын. Бұл өткізіліп отырған шара шекарашылардың патриоттық сезімін, рухын оятуға бағытталған», - деді М. Серікбаев.
Сонымен қатар, ол бұдан кейін Жеңіс эстафетасының қазақ-қырғыз шекарасына жеткізілетіндігін айтты.
«Жеңіс Эстафетасы 23 сәуір күні Астанадан Алматыға Шекара қызметінің авиациялық базасына жеткізілген болатын. Кейін ол Қазақстанның Қытаймен шектесетін шекара бойымен алып өтілді. Бұдан кейін Шекара қызметінің құрамалары мен бөлімдерінде тиісті іс-шаралар өткізілді. Ал бүгін міне Жеңіс Эстафетасы шекарашылардың альма-матері - Шекара қызметі академиясына жеткізілді. Бұдан кейін ол Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында орналасқан «Қарасай» шекара заставасында және Қытай Халық Республикасымен шектесетін шекара аймағында болады. 28 сәуір күні Алматы қаласындағы 28-ші Панфиловшылар саябағында үлкен іс-шара өтеді. Сол жерде Жеңіс Эстафетасы қала жұртшылығына көрсетіледі. Кейін ол қазақ-қырғыз шекарасы бойымен алып өтіліп, Тараз шекара жасағына жеткізіледі. Ол жерде де тиісті іс-шаралар өткізіледі. Одан соң Жеңіс Эстафетасы 1-ші мамыр күні «Қордай» шекара бекетінде қырғыз шекарашыларына салтанатты түрде табыс етіледі», - деді М. Серікбаев.
Айта кетелік, ТМД елдері басшыларының Ұлы Жеңістің 70 жылдығын тойлау туралы шешіміне сәйкес, биыл ТМД елдерінің шекарасы бойымен Жеңіс эстафетасы алып өтіледі. Бұл жолы, яғни биыл, Эстафета бір мезетте үстіміздегі жылы 2 ақпанда Брест қаласы мен Мурманск қаласында бастау алған болатын. Ол жерлерде ҰОС мен Брест қамалын қорғаған батырларының рухына тағзым етілді. Брест қаласынан бастау алған Жеңіс Эстафетасының бағыты: Белоруссия - Ресей - Армения - Ресей болып белгіленді. Ал Мурманскіден бастау алған Жеңіс Эстафетасы Ресей шекарасы бойымен алып өтіліп, 21 сәуір күні Өскеменде қазақстандық шекарашыларға табыс етілді. Бұдан кейін Эстафета Астана, Алматы, Тараз, Қордай қалалары арқылы өтеді. Бірінші немесе екінші мамырда «Қордай» шекара бекетінде қырғызстандық шекарашыларға табыс етіледі. Бұдан әрі Эстафета Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан және Әзербайжан мемлекеттері арқылы өтеді. Жеңіс Эстафетасының бағыты 28 мамырда Мәскеу қаласында Тағзым тауында аяқталады. Сөйтіп, Жеңіс Эстафетасы Мәскеудегі шекарашылар музейіне табыс етіледі.
Тағы бір айта кететін жәйт, Жеңіс Эстафетасын шекара бойымен алып өту дәстүрі 1985 жылы қолға алынған. Ондағы мақсат - ҰОС жылдарында шекарада жауға қарсы тұрған жауынгерлердің ерлігін мәңгілік есте сақтау, жастарды сол соғысқа қатысқан ата-балаларымыздың ерлік істерін үлгі ете отырып, патриоттық рухта тәрбиелеу, ТМД елдері халқының достығын нығайту және шекара маңында тұратын тұрғындарды мемлекеттік шекараны қорғауда шекарашыларға белсенді түрде көмектесуге шақыру.