Алматылық 30 ардагерге "Беларус Республикасының неміс-фашист басқыншыларынан азат болғанына 65 жыл» мерекелік медалі тапсырылды
АЛМАТЫ. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматының Алмалы ауданының әкімшілігінде Ұлы отан соғысының 30 ардагеріне «Беларус Республикасының неміс-фашист басқыншыларынан азат болғанына 65 жыл» мерекелік медалі тапсырылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған медаль Ұлы жеңістің 65 жылдығы қарсаңында Беларус Республикасының президенті Александр Лукашенконың жарлығымен жасалып, Белоруссияны азат етуге қатысқан барлық ардагерлерге тапсырылуы тиіс болатын. Еліміздегі беларустық мәдени орталығының аймақтық жетекшісі Сергей Сазоновтың айтуынша, бұндай медаль қазір көзі тірі 4 мың ардагерге берілуі тиіс. Ал Қазақстанда бұл медалды 400-ден астам адам иеленбек. Ал Алматы қаласы бойынша 50 ардагерге беріледі. Бұған дейін бұл медалді 20 алматылық ардагер алған болатын. Бүгінгі шара барысында Белоруссияны азат етуге қатысқан 30 алматылық мерекелік медальдің иесі атанды. Мерекелік медальды тапсырған еліміздегі Беларус мәдени орталығының өкілдері ардагерлерге Беларус Президенті мен халқының атынан алғыс айтып, мерекелік концерт қойды.