Алматылық 40 мың бала спорт секцияларына тегін қатыса алады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылық 40 мың бала спорт секцияларына тегін қатыса алады. Бұл туралы Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыруға арналған қаланың активінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматылық 40 мың бала спорт секцияларына тегін қатыса алады

Әкімнің айтуынша, қалада 40 мың бала спорт секцияларына тегін қатысады. Ол үшін бюджеттен 1,5 миллиард теңге бөлінді.

Мегаполистің барлық ауданында тегін спорт секциялары мен үйірмесі бар 50 демалыс орталықтары жұмыс істейді, онда 5,2 мыңнан астам адам қамтылған.

« Қазір жеті спорттық нысанның құрылысы жүргізілуде. Атап айтар болсам, 6 денешынықтыру-сауықтыру кешені мен теннис орталығы. Жекеменшік ұйымдар бес үлкен спорт нысанын салып жатыр. Бұл үстел теннисінің орталығы, «Сұңқар» ХШТК кешені, «Жұлдыз» шағынауданындағы ДСК, «Май вин» ДСК, Әуезов ауданындағы спорттық күрес орталығы, «Жан досым» теннис орталығы»,- деді әкім.

Сонымен қатар, Атлетикалық ауылдың жанынан жабық жеңіл атлетикалық манеж салу жоспарда.

«Жан басына шаққанда тиімді қаржыландыруды дамыту, бюджет қаржысын пайдаланудың тиімділігін арттыру, спорттық инвестиция ағынын ынталандыру, материалдық-техникалық базаны нығайту, жаттықтырушылар құрамы мен кадрларды дамыту және таланттарды қолдау – біздің алдымызда тұрған басты міндеттер», – деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.