Алматылық алаяқ интернет арқылы шардаралық 76 мұғалімнің жалақысын ұрлаған
Шардара аудандық прокуратурасының мәліметінше, алматылық жігіт ұстаздардың айлығын интернет арқылы ұрлаған. Сөйтіп 76 мұғалімге 26 млн теңге көлемінде шығын келтірген. 1 С бухгалтерлік бағдарламасын жетік меңгерген ол қомақты соманы өз есепшотына аударып, ойынханаларға жаратқан. Алайда ақша есепшотына түскен соң ол күдікке ілініп, Алматы қаласынан ұсталды. Тінту кезінде қалтасынан 1,5 млн теңгедей табылған. Сондай-ақ, анасы «балам берген еді» деп 1 млн 300 мың теңгені полицияға тапсырған. Қалған қаражаттың басым көпшілігін казиноларға жаратып қойған болып шықты.
«Айыпталушы Қылмыстық кодекстің 188 бабы 4-ші бөлігімен кінәлі деп танылып, оған нақты 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қазіргі таңда сот үкімі күшіне енген жоқ. Сонымен қатар жалақының 12 млн теңгесін дер кезінде қолданылған шараның арқасында ысырап етілмеді. Қазіргі таңда ол қаржының барлығы мемлекет кірісіне қабылданды»,- дейді Шардара ауданының прокуроры Руслан Әбдірайымов.
Бүгінде ұстаздардың жалақысы ішінара қайтарылған. Қалған сома күдіктіден қосымша өндірілетін болады.