Алматылық ардагерлер «Ақ алтын тойын» атап өтті
АЛМАТЫ. Мамырдың 15-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматының Медеу ауданының тұрғындары 90 жастан асқан ерлі-зайыпты Михайл Канц пен Анна Голишеваның шаңырақ құрғандарына 65 жыл толды. Бүгін осы сирек оқиға аудан көлемінде аталып өтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
1945 жылы екінші дүниежүзілік соғыстан жеңіспен оралған Михаил мен Анна сол жылы некелері қиылып, шаңырақ көтерді. Содан бергі 65 жылын бірге өткізген бақытты отбасы бүгін аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Ақ алтын тойын» атап өтті. Тойға қатысқан аудан әкімі Махамбет Бейдали қуаныш иелеріне қайтадан неке сақинасын тағып, сыйлық табыстады. Бір қызығы қос карияның 1945 жылы алған неке куәлігі де сақталған болып шықты. Қос қарияның қызық тойын бүгін үйленген бірнеше жас отбасы да бөлісті. Аудан әкімі оларға да неке жүзігін тағып, бағалы сыйлық табыс етті. «Жас жанұяларға осы екі қарияның ақ алтын тойындай той жазсын». деген тілек білдірді Махамбет Бейдали. Ал қос қария болса жас отбасыларға ақ тілек арнап, Алланың берген өмірін осылай жұбымыз жазылмай өткізсек деген тілектерін білдірді.
Шара соңы бүгінгі Халықаралық отбасы күніне орай №2 перзентханада жалғасты. Онда перзентханадан шығатын аналар мен сәбилерді бас дәрігер және аудан басшылары құттықтап, оларға салтанатты түрде туу туралы куәлік және сыйлық табыс етті.