Алматылық ауруханалар Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі бойынша қызмет етуге дайын - Е.Дүрімбетов
АЛМАТЫ. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат / Әділет Мұсахаев / - Бүгін Алматы денсаулық сақтау басқармасының басшылары баспасөз мәслихатын өткізіп, 2010 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап енген Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі төңірегіндегі бірқатар сұрақтарға жауап берді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының бастығы Еркін Дүрімбетовтың айтуынша, енді қаланың жергілікті тұрғындары өзінің қалаған ауруханасына, таңдаған дәрігеріне барып қарала алады. Ол үшін алдымен тұрғылықты жеріндегі аурухана тіркеуінен шығып, көңілінен шыққан ауруханасына барып тіркелуі қажет.
«Бұл жүйенің негізгі мақсаты - емделушілерге сапалы ем беріп, дәрігерлердің пара алуына жол бермеу. Емделушілерді көптеп қабылдаған ауруханаға және дәрігерге соғұрлым қаражат та көбірек бөлінетін болады. Қазіргі уақытта халықтың емделуіне, дәрігерлердің еңбегіне мемлекеттік бюджеттен 20 пайыздай қаражат бөлінді», дейді Е. Дүрімбетов.
Сондай-ақ ол ауылдан келген адамдар қалалық ауруханға тек аймақтық шарттар бойынша ғана тіркелетіндігін жеткізді. Қалада жұмыс істеп жүрген, облыстық бюрода тіркелгендердің ғана қаралуына мүмкіндігі бар.