Алматылық аяқдопшылар Түркияда одессалық құрдастарына есе жіберді
АЛМАТЫ. 1 ақпан. ҚазАқпарат - Кеше Түркиядағы оқу-жаттығу жиыны кезінде Алматының «Қайрат» футбол командасы Одессаның «Черноморец» аяқдопшыларынан 0:3 есебімен жеңіліс тапты.
Украиналық қақпашы Дмитрий Безотосныйдың қақпасынан саңылау таба алмаған алматылықтар өз қақпасына жауапсыз 3 доп енгізіп алды. Онда Роман Григорчук жаттықтыратын украин футболшылары сапынан ойынның алғашқы жартысында албаниялық шабуылшы Элис Бакай 4-ші минутта көзге түсті. Ал екінші таймда бразилиялық қорғаушы Андерсон Сантана 54-ші минутта, украиналық шабуылшы Анатолий Диденко 86-шы минутта есепті 3:0-ге жеткізді.
«Черноморец» командасы 1992, 1993/94 жылдары Украина кубогының иегері, ал 1994/95, 1995/96 жылдары Жоғары дивизионда ел чемпионатының күміс жүлдегері атанған болатын. 2010/2011 жылғы маусымда Бірінші дивизионға түсіп қалып, 2011/2012 жылғы маусымда Жоғары дивизионға қайта оралған одессалықтардың бас бапкері тізгінін 2011 жылдан бері Роман Григорчук ұстап келеді.