Алматылық әйел күйеуіне пышақ салды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда отбасылық жанжал пышақ жарақатымен аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқыс оқиға Алматы қаласы Әуезов ауданындағы тұрғын үйлердің бірінде болды.
«Отбасылық жанжал кезінде әйелі күйеуіне қарсы суық қару, яғни пышақты қолданды. Куәгерлердің айтуынша, әйел қылмыс орнынан қашып кетуге тырысқан. Пышақ жарақатын алған ер адам ауруханаға жеткізілді», - деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Күдікті қылмыстық жауапқа тартылады.
Анықталғандай, жанжал кезінде ерлі-зайыптылар мас болған.