Алматылық бизнесмендер Астана қаржы орталығына қалай тіркеледі
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда халықаралық инвесторлар апталығы - WIW 2018 аясында «Астана халықаралық қаржы орталығы» (АХҚО) Financial Literacy Roadshow шарасын өткізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін АХҚО мамандары бизнес қауымдастық пен кәсіпкерлер арасында орталықты таныстыру шарасын жүргізді.
Бұл шара қаржылық және инвестициялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды.
АХҚО мамандары қаржылық қызметтерді реттеу, қаржы технологиялары, жасыл және ислам облигацияларын шығару, нарықта құнды қағаздарды инвестициялау саласындағы орталықтың мүмкіндіктері туралы айтып берді.
«Біз бизнес қауымдастықты жинап Астана халықаралық қаржы орталығына қалай тіркеуге болатынын, ол үшін не керек екенін, лицензиялау туралы айтып жатырмыз. Орталықта тіркелген бизнес өкілдеріне ол қандай жеңілдік беретіні анықталды. Бүгін үш тақырып: жасыл қаржы, ислам қаржылық жүйелері, FinTech туралы айтылады», - деді Астана халықаралық қаржылық орталығы əкімшілігі» АҚ басқарушы директоры Ернұр Рысмағамбетов.
Келушілер Астана қаржылық орталығының ашылып қайта жабылып қалған Алматы қаржы орталығына қандай айырмашылығы барын сұрады.
«Бізге командалар екі себеппен келеді. Біріншісі, салықтан босау, бұл жеңілдік тек қаржы саласындағы командаларға қатысты. Екінші себеп, бізде ағылшын құқығы кеңістігі бар. Кез келген командаға заң, бухгалтерия, аудиторлық, консалтингтік салада 10-15 түрлі қызмет түрі керек», - деді ол.
Сонымен қатар, оның айтуынша, АХҚО да тіркелу үшін талап өте жоғары.
«Барлық ережелер, нормалар мен реттеу шаралары екі қағидаға тазалық пен мөлдірлікке құрылған»,- деді АХҚО өкілі Сердар Гюнер.
Айта кету керек, әлемнің 80-нен астам елінде халықаралық инвесторлар апталығы - WIW 2018 басталады. Бұл шараны халықаралық құнды қағаздар комиссиясы ұйымы өткізеді. Бір аптаға созылатын шара барысында 80-ге тарта қаржылық реттеуші компания мен нарық қатысушылары қаржылық сауаттылық, инвестиция жасау туралы түрлі шара өткізеді.
Ғаламдық WIW 2018 бастамасының аясында «Астана» халықаралық қаржы орталығы Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Қостанай қалаларында халықтың ивестициялық сауаттылығын арттыруға бағытталған шаралар тізбегін дайындады. Оның бірі бүгін таңертең KIMEP университетінің студенттер арасында өтті.