Алматылық дәрігерлер 15 жастағы қызға күрделі операция жасады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мегаполистегі №1 қалалық клиникалық аурухана дәрігерлері 15 жасар қыздың кеуде қуысына операция жасады. Ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен қаржыландырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматылық дәрігерлер 15 жастағы қызға күрделі операция жасады

Аурухана баспасөз қызметінің мәліметінше, бойжеткенді соңғы бір жылда жөтел мазалаған. Дәрігерлер тағайындаған антибиотиктер курсы нәтиже бермеген соң оны қосымша тексеруге жіберген.

Флюорография мен кеуде қуысына жасалған компьютерлік томография кеуде қуысының сол жағында пайда болған ісікті көрсетті. Торакальды хирургтар кеңесе келе пациентті №1 аурухананың торакальды хирургия орталығына жоспарлы түрде жатқызу туралы шешім қабылдады.

Торакальды хирургия орталығының меңгерушісі Нұрлан Жарылқапов, операциялық блок меңгерушісінің міндетін атқарушы Мұхтар Нысанбай, анестезиолог-реаниматолог Арман Алпысбаевтың қатысуымен жүрек пен күретамырға жақын орналасқан ісікті алып тастады.

Екі сағатқа созылған ота сәтті өтті. Операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жасалды.

Дәрігер Мұхтар Нысанбайдың айтуынша, торакальды хирургия орталығында кеуде қуысына, өкпенің, трахеяның, медиастинаның, өңештің, сүт безінің қатерсіз ісігіне, сондай-ақ трахея мен бронхқа, кеуде қуысының деформацияларына операциялардың кең спектрін жасауға мүмкіндік бар.

Естеріңізге сала кетейік, 18 жасқа дейінгі балалар мемлекет тарапынан сақтандырылған және тегін медициналық көмек ала алады.