Алматылық дәрігерлер 69 жастағы әйелге жоғары технологиялық ота жасады

Ведомствоның мәліметінше Алматы онкологиялық орталығына ұйқы безі басының ісігіне шалдыққан 69 жастағы әйел түскен. Оған Онкохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Нұрлан Балтаев алғаш рет лапароскопиялық гастропанкреатодуденальды резекция – Уиппл отасын жасады.
«Кеспей жасалатын ота кезінде хирург бір мезгілде ұйқы безінің басын, асқазанның дистальды бөлігін, он екі елі ішекті, аш ішектің бастапқы бөлігін, өт жолдарының бөлігін, өт қабын және аймақтық лимфа түйіндерін алып тастады. Бұрын мұндай диагноз қойылған кезде ота дәстүрлі әдіспен - хирургиялық кесу арқылы жасалатын. Бұл өз кезегінде емделушіге зақым келтіретін, себебі, отадан кейінгі кезеңде терең жаралардың, басқа да күрделі асқынулардың даму ықтималдығы жоғары болатын. Бұл жолы алматылық онкологтар отаны шағын инвазивті әдіс – лапароскопия арқылы бірнеше жерден тесіп жасады. Мұндай оталар аз зақымды араласу болып табылатынын айту керек», - деп хабарлады қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Онкохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Нұрлан Балтаевтың айтуынша, ондаған жылдар бойы гастропанкреатодуоденальды резекцияның нәтижелері нашар болған.
«Оларды көптеген асқынулар, өлім-жітімнің айтарлықтай жоғары деңгейімен сипаттауға болатын. Қазіргі таңда аталған отаның дәлелденген техникасы, оталық бөлменің заманауи жабдықталуы және анестезиологтар мен реаниматологтардың жоғары кәсіби дайындығы арқасында араласудың бұл түрі ең аз асқыну және отадан кейінгі өлім-жітіммен сипатталып, ұзақ уақыт бойы жақсы нәтиже береді. Ота 7 сағаттан астам уақытқа созылды. Қан жоғалту 200 мл-ді құрады. Науқас отадан кейінгі бірінші күні-ақ өзін жақсы сезінді», – деді Нұрлан Балтаев.
Айта кетейік, соңғы бес жыл ішінде Алматы онкологиялық орталығында дәстүрлі кесу әдісі арқылы 92 гастропанкретодуоденальды резекция жасалған. Енді қалалық онкологиялық орталықта мұндай оталар шағын инвазивті әдіспен жасалатын болады.