Алматылық дәрігерлер ауруы асқынған науқастың аш ішегіне күрделі операция жасады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыдағы №7 қалалық клиникалық аурухана хирургтері міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде күрделі ота жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматылық дәрігерлер ауруы асқынған науқастың аш ішегіне күрделі операция жасады

Емдеу мекемесінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, алдыңғы ота кезінде аш ішегінің бір бөлігі сыртқа шығарылған пациенттің илеостома тесігін жабуға бағытталған операция жоспарлы түрде жасалды.

Дәрігерлердің айтуынша, илеостома пациент үшін белгілі бір қиындықтар тудырады.

Стома жасалған науқас үнемі диета ұстап, үлкен дәрет жиналатын құтыны тұрақты ауыстырып отыруы қажет.

Мұндай операциялар негізінен пациенттің өмір сапасын жақсарту мақсатында жасалады.

«2021 жылдың маусымында пациентке ішектің абдоминальды жабысқақ ауруы және аш ішектің жүрмей қалуы салдарынан ота жасалған. Нәтижесінде науқастың жағдайын жақсарту үшін жарамсыз болып қалған ішек кесіліп, бір бөлігі сыртқа шығарылды. Яғни, медицина тілімен айтқанда соңғы 8 ай бойы ол илеостомамен жүруге мәжбүр болған», - деп атап өтті аурухананың баспасөз қызметі.

Хирург Нұрлан Мәуленовтың сөзінше ауруы асқынған науқасқа тағы бір ота жасау керек болды.

«Біз бірден ота жасау туралы шешім қабылдадық. Лапаротомия, энтеролиз, іш құрылысына ревизия жасалды, тазартылды. Бір сөзбен, циркулярлы тігу аппаратымен илеостоманы жойып, пациент денсаулығы қалпына келтірілді. Ота сәтті өтті», - дейді №7 Қалалық клиникалық аурухананың Операция блогы жетекшісі Нұрлан Мәуленов.

Операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде жасалды.

Дәрігердің айтуынша, қазір пациенттің жағдайы жақсы. 11 күннен кейін науқас аураханадан шығарылды.

«Өкінішке қарай, іштегі тесікпен (стома) өмір сүруге мәжбүр болатын пациенттер аз емес. Олардың көбі ақпарат тапшылығы салдарынан осындай реконструктивтік операция жасауға болатынын біле бермейді. Дәрігерлер илеостомаға қайта ота жасау туралы шешімді пациенттің денсаулық жағдайына қарап қабылдайды», - дейді мамандар.