Алматылық дәрігерлер аяқ тамырларын емдеудің жаңа әдісін енгізуде
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Интервенциялық хирургтарға арналған арнайы шеберлік сыныбы аясында №4 қалалық клиникалық аурухана дәрігерлері үндістандық доктор Гириш Мукудпен бірге аяқ-қол артерияларына бірнеше ота жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Интервенциялық немесе эндоваскулярлық хирургия - рентгенэндоваскулярлық әдісті қолданатын«скальпсіз» араласудың заманауи түрі.
«Бүгін біз үш ота жасадық, оның екеуі - аяқ артерияларының ангиопластикасы. Екі науқаста да аяқтың критикалық ишемиясы орын алды. Олардың бірінің анамнезінде қант диабеті болды, аяғының бірінші башпайы кесіліп, жарасы жазылмаған. Баллондық ангиопластика нәтижесінде қан ағымы қалпына келтірілді. Болашақта осы клиника перифериялық артерияларды емдеу орталығына айналады деп үміттенемін, өйткені бізде мұндай көмекке мұқтаж қант диабетімен ауыратындар көп», - деді профессор Гириш Мукуд.

Дәрігерлер 55 жастағы диабеттік табан диагнозы қойылған науқастың қан ағымын да қалпына келтірді.
«Лимфангоит диагнозы бар науқас та болды. Ота кезінде оған аяқ артерияларының ангиографиясы жасалды, алдыңғы жіліншік және қалқан артерияларының тандемдік стенозы анықталды. Дәрі-дәрмекпен қапталған баллонды қолдану арқылы оң аяқ артерияларына баллонды ангиопластика жасалды, қан айналымы қалпына келтірілді», - дейді рентген-эндоваскулярлық хирургия және кардиология бөлімшесінің меңгерушісі Асқар Наринбаев.

Осылайша, дәрігерлер оның аяқ бәшбайын аман алып қалды.
№4 қалалық клиникалық ауруханасында бір жыл бұрын рентген-эндоваскулярлық хирургия бөлімшесі ашылып, бүгінгі күнге дейін ми, жүрек тамырларына 739 интервенциялық ота, сонымен қатар жатыр артерияларының эмболизациясы жасалды.
