Алматылық дәрігерлер биіктен құлап кеткен 45 жастағы тұрғынды аман алып қалды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылық дәрігерлер биіктен құлаған ер адамның омыртқа жотасына күрделі операция жасап, аман алып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орталық қалалық клиникалық аурухананың баспасөз қызметі мәлім еткендей, емдеу мекемесіне 45 жастағы ер адам түсті. Ол биіктен құлап кеткен.
Дәрігерлер оған «жұлын функциясының бұзылуы мен бел омыртқасының 3-сатылы асқынған сынығы және аяғының параперезі (паралич), жамбас органдары функциясының бұзылуы, тобығының сынуы» деген диагноз қойды.
Науқастың жағдайы ауыр болғандықтан оған шұғыл түрде операция жасалды.
«Омыртқаларын имплант (транспедикуляр бұрандалар) арқылы тұрақтандыру үшін хирургиялық операция жасалды. Осы бұрандаларды орнатудың арқасында омыртқа тірек тауып, сенімді түрде фиксацияланады. Транспедикулярлы фиксация сүйектердің қалпына келу кезінде бір бірімен ығысып кетуін болдырмайтындай дұрыс және тез өсуін қамтамасыз етеді. Операция сәтті өтті, екінші күні пациент өз бетімен отыра алды және тобығының сынығы жазылғаннан соң жүре алатын болады», - деді нейрохирург Ермек Сүлейменов.
Операция 2,5 сағатқа созылды.
Дәргердің айтуынша, мұндай операцияны жүргізу үшін клиника барлық қажжетті жоғары технологиялық жабдықтармен қамтылған.