Алматылық дәрігерлер екіжақты пневмониямен туған нәрестені аман алып қалды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қалалық №4 перзентханасының неонатолог дәрігерлері екіжақты өкпе қабынуымен туған нәрестені құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматылық дәрігерлер екіжақты пневмониямен туған нәрестені аман алып қалды

Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ұл бала өткір оттегі жетіспеушілігі белгілерімен туды. Неонатолог дәрігерлер сәбидің дем алуын қалыпқа келтіру үшін шұғыл реанимациялық әрекеттерге көшті. Алайда тыныс алуды толығымен қалпына келтіру мүмкін болмады. Оған себеп – сәби өкпесінің екі жақты қабынуы.

«Нәресте өздігінен дұрыс тыныс ала алмағандықтан жаңа туған сәбилерге арналған қарқынды терапия жағдайында, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды», - дейді №4 перзентхананың балалар бөлімінің меңгерушісі Ольга Кудрявцева.

Кейін анықталғандай, құрсақішілік тыныс алу жетіспеушілігі жүкті кезінде анасының инфекциясы балаға жұққан.

«Ол өз бетінше еме алмағандықтан, өмір сүру қалпын сақтау үшін қоректік заттар тамыр арқылы жіберілді. Бала ұзақ уақыт бойы дәрілік ұйқыда болып өздігінен дем ала алмады. Өкпе мен ішектегі қабыну процестері қайтқаннан кейін, тыныс алуы біртіндеп қалыпқа келе бастады», - деді Ольга Кудрявцева.

Оның айтуынша, баланың жағдайы ауыр деп бағаланған. Анасына психологиялық қолдау көрсетілді.

«Жағдайы ауыр балаларды емдеу кезінде бізге ата-ананың сенім артуы маңызды. Бұл көбіне емнің сәтті болуына көмектеседі. Инфекцияны жеңіп шығуға анасының дәрігерлерге деген сенімі мен үміті оң ықпал етті», - деп атап өтті ол.

Дәрігерлер баланың айы күніне жетіп туғанын тілге тиек етті. Оның салмағы – 3,3 келі, бойы 53 см болды.