Алматылық дәрігерлер күйік шалған 89 жастағы зейнеткерді аман алып қалды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы дәрігерлері зейнеткердің өмірін ажалдан арашалап қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
89 жастағы алматылық Анатолий Спариш моншадағы пешке құлап, қатты күйіп қалған. Соған қарамастан, ол үйінде емделуді жөн көрген. Тек екі аптадан кейін, жағдайы нашарлап кеткен соң туыстары №4 ауруханаға алып келген.
«13 шілде күні 89 жастағы зейнеткер клиникаға S=8%(6%)/I-II-IIIа-IIIб дәрежесіндегі арқа және оң қолының термиялық күйігімен түсті. Қабылдау кезінде, науқас күйік шалған оң иығының ауырсынуына, әлсіздікке шағымданды. Алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін, қария ауруханаға жатқызылды», - деді №4 Қалалық клиникалық аурухананың травматолог дәрігері Елдос Әлменов.
№4 Қалалық клиникалық ауруханасының комбустиолог дәрігерлері күйік шалған зейнеткердің оң қолы мен иығын бір ай емдеді.
«Мен ұлымның саяжайындағы моншада тайып құлап, қолым мен иығымды қатты күйдіріп алдым, дәрігерлер мені аяғымнан тұрғызу үшін үлкен тәуекелге барды. Бір ай бойы емделдім, маған бірегей операция жасады – теріні трансплантациялау. Ота менің жасыма қарамастан сәтті өтті. Дәрігерлерге өте ризамын», – деді зейнеткер.