Алматылық дәрігерлер өкпесі 96%-ға зақымданған науқасты аман алып қалды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының дәрігерлері өкпесі 100% -ға жуық зақымданған науқасты аман алып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, карантин кезінде жұмыс істеген медициналық мекемелердің пациенттері өмірлерін сақтап қалған дәрігерлерге ризашылықтарын білдіруде. Эпидемиологиялық ахуал өршіп тұрған уақытта Алматы қаласы Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының дәрігерлері ауыр жағдайда ондаған күрделі ота жасады. Сонымен қатар, өкпесі ақымданған науқастарды да аман алып қалды.

Өкпесінің 96%-ы зақымданған профессор Несіпхан Бектенов жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына ауыр халде түсті.
«Әкем ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне түсті. Оның өміріне қауіп төнген болатын. Аурухана дәрігерлерінің кәсіби шеберлігінің арқасында әкем аман қалды. Ол бір айға жуық ауруханада жатты, оның 17 күнін жансақтау бөлімінде өткізді. Мен әкемнің өмірін сақтап қалған барлық дәрігерлерге, медбикелерге шын жүректен алғыс айтамын»,– деді науқастың қызы.

Жансақтау бөлімінің меңгерушісі Тимур Райымжановтың айтуынша, науқас әлі де дәрігерлердің бақылауында болады.
«Біз оны барлық медицина қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының арқасында аман алып қалдық. Емдеу науқастың жағдайына байланысты үнемі түзетіліп отырды. Біз науқастарды тәулік бойы бақылап отырамыз, карантиннің ерекше жағдайларына қарамастан, дәрігерлер бірін-бірі алмастырады, медбикелер үнемі бақылау жүргізеді, санитарлар да көмектеседі, қарқынды терапия кезінде массаж жасау, науқасты жалғыз қалдырмау өте маңызды»,– деді дәрігер.