Алматылық дәрігерлер жамбас сүйегі сынған 90 жастағы әжені аяғынан тік тұрғызды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының травматолог-ортопедтері жамбас сүйегі сынған 90 жастағы әжеге жамбас буынын эндопротездеу отасын сәтті жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматылық дәрігерлер жамбас сүйегі сынған 90 жастағы әжені аяғынан тік тұрғызды
Фото: Денсаулық сақтау басқармасынан

Аурухананың баспасөз қызметінің мәліметінше, Тамара Григорьевна Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының қабылдау бөліміне жедел жәрдем бригадасымен шұғыл түрде жеткізілді. Науқас оң жамбас буыны аймағындағы қатты ауырсынуға және оң аяқтың тірек қабілетінің бұзылуына шағымданған.

Дәрігерлер қарт әжейге сүйек сынықтарының ығысуы мен оң жақ жамбас сүйегінің жабық түрдегі сынуы диагнозын қойды. Науқастың жасы мен жағдайын ескере отырып, қосымша тексеру және алдын ала дайындықтан кейін мүмкіндігінше тез әрекет ету қажет болды. Сондықтан науқас дереу хирургиялық емдеуге жіберілді. Оң жамбас буынын биополярлық эндопротездеу деп аталатын операцияны №2 травматология және ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі Медет Жанысов, травматологтар Жәнібек Жұмабек, Бегзод Хансейітов, анестезиолог Гүлнар Камалова жасады. Операция 30 минутқа созылды.


«Мұндай жағдайда науқас мүмкіндігінше аз жатқаны маңызды. Егде жаста, өкінішке қарай, көптеген созылмалы ауру жиналып қалады. Оның үстіне жазылуы баяу инфекциялар қосылады. Сондықтан мұндай науқастар үшін эндопротездеу өте маңызды», - деп атап өтті бөлімше меңгерушісі Медет Жанысов.

Оның айтуынша, егде жастағы пациенттер үшін толық протездеу қауіпті. Ал остеосинтездің пайдасы жоқ. Ал жамбасты биполярлы эндопротездеу негізінен әлсіреген және егде жастағы науқастарға арналған. Биполярлы эндопротездеу пациентті толыққанды, белсенді өмірге мүмкіндігінше қысқа мерзімде және мейлінше аз тәуекелмен қайтару үшін қолданылады.

«Науқас 3 күннен кейін орнынан тұрып, палатада жүре бастады. Ауруханадан 9-шы күні шығарылған кезде ол бөлім дәлізімен жүріс арбасымен өз бетінше қозғалды. Ең бастысы, ол дәрігерлердің ұсыныстарын бұлжытпай жауапкершілікпен орындайды, бұл өте маңызды», - дейді дәрігерлер.