Алматылық дәрігерлер жаңа туған нәрестенің өмірі үшін бір ай бойы күресті
Орталықтың балалар реанимациясының меңгерушісі Диляра Сыртанованың айтуынша, туа біткен токсоплазмоздың болу себебі жүктілік кезінде анасының инфекциясы болған.
«Бала 2912 грамм салмақпен толық мерзімде дүниеге келді, бірақ ішкі ағзалардың дұрыс жұмыс істемеуіне әкелген құрсақішілік инфекция салдарынан өмірге келген сәтінде жағдайы өте ауыр деп бағаланды. Бала бірден реанимация бөліміне ауыстырылды. Инфекция баладан өте ауыр өтті, миға жаппай қан кету, көптеген органдардың жеткіліксіздігі орын алды, сонымен қатар, ауыр пневмония диагнозы қойылды. Мұнда ол тура бір ай жатты, жағдайы тұрақтанған соң бөлімшеге ауыстырылды», - деді дәрігер.
Жансақтау бөлімінде нәресте тыныс алу, инфузиялық, кардиотоникалық, антибактериалдық терапия алды, қан препараттарының бірнеше трансфузиясынан өтті. Реанимациядан кейін бала бөлімшеде тағы 10 күн медициналық көмек алды. Бүгінгі таңда баланың жағдайы қанағаттанарлық және ол кеше үйге шығарылды.
Дәрігер жүкті әйелдерде токсоплазмоз инфекциясы негізінен құрамында кистасы бар термиялық өңделмеген етті жеу немесе лас тамақ не су, мысықтың нәжісімен таралатын ооцисталарды жұту нәтижесінде пайда болатынын айтты.
«Әйелдерде жүктіліктің кеш кезеңінде ұрықты жұқтыру ықтималдығы жоғары. Дегенмен, жүктіліктің ерте кезеңінде де эмбрион ауыр ауруға бейім. Жалпы, жүктілік кезінде инфекцияны жұқтырған әйелдердің 30-40%-да ұрыққа құрсақішілік жолмен инфекция жұқтырылады», - деді Диляра Сыртанова.