Алматылық ғалымдар мен студенттер Елбасының өкілеттігін ұзарту жөніндегі референдумды қолдады
АЛМАТЫ. 29 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматыда Қазақ ұлттық аграрлық университетінде еліміздің Тұңғыш Президентінің өкілеттілігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы бойынша референдум өткізу жөніндегі бастаманы қолдау мақсатында жиналыс өтті.
Оған Алматы қаласындағы бірқатар ЖОО ректорлары мен танымал тұлғалар қатысты. ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов өз сөзінде Елбасының Қазақстанды қиын-қыстау кезеңдерден, әлемдік дағдарыстан ұтымды алып шыққанын айта отырып, қарқынды даму жолындағы Қазақстан басшысының оң істеріне әрі қара қолдау білдіруге шақырды. «Тәуелсіздіктің алдыңғы жылдары, одан бөлек, ядролық қарудан бас тартып, әлемде бейбітшіліктің озық үлгісін танытуы, сондай-ақ, еліміздің бүгінгідей деңгейге көтерілуінде Президентіміздің еңбегі ерен. Сондықтан, осы бағытты, осы қарқынды жалғастыра беру үшін Елбасының өкілеттілігін арттыру бүгінгінің өзекті мәселесі»,- деді М. Жұрынов.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың 23 желтоқсанында Өскеменде өткен республикалық басқосуда бастамашы топ еліміздің Тұңғыш Президенті - Н. Назарбаевтың президенттік өкілеттілігін 2020 жылғы 6 желтоқсанға дейін ұзарту мақсатында референдум өткізу туралы ұсыныс айтқан еді.
Жиын соңында Тұңғыш Президентіміздің өкілеттілігін ұзартуды қолдауға байланысты Қарар қабылданды.
Онда «...Тұңғыш Президентіміздің бастамасымен елдің индустриалды-инновациялық даму және басқа да тарихи бағдарламалары қабылданды. Біз осы бағдарламалардың Елбасының жетекшілігімен жүзеге асқанын қалаймыз. ...Біз барлық ғылыми және студенттік орта өкілдерін Елбасының президенттік өкілеттілігін 2020 жылғы 6 желтоқсанына дейін ұзарту жөніндегі референдумды қолдауға шақырамыз», - делінген.