Алматылық кәсіпкерді бопсалаған қылмыскерлер қолға түсті
АЛМАТЫ. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Өткен демалыс күні алматылық кәсіпкерді бопсалап, қорқыту арқылы 50 мың доллар талап еткен қылмыскерлер қолға түсті. Бұл туралы қалалық ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлады.
Жамбыл облысынан келген төрт қарақшы кәсіпкерге «қамқоршы» болуды ұсынған. Бұл болмаған жағдайда оның жанұясына қастандық жасайтындарын айтып, күш көрсеткен.
«Кәсіпкер басында олардың талабына құлақасуды жөн көрген. Артынан бұл ойынан айнып, полицияға хабарласқан. Барлық айғақтарды жинаған соң, қылмыскерлерді өткен демалыс күндері ұстау операциясы жүзеге асырылды. Олар жәбірленушіден 10 мың доллар алып жатқан жерінен Төле би-Яссауи көшелерінің қиылысында құрықталды», - дейді Алматы қалалық ІІД Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының бастығы Валерий Козлов.
Оның айтуынша, ұсталғандар бұрын бірнеше рет сотталған. Жамбыл облысынан Алматыға бірнеше ай бұрын келген олар әртүрлі жолмен табыс тауып келген.
«Қазір олардың Алматыда болған уақыттарында немен айналысқанын тексеріп жатырмыз. Басқа да қылмыстарға қатысы болуы да мүмкін. Тексеру барысында бұлардың 30 жастағы біреуі 5 жыл бұрын адам өлтіргені үшін халықаралық іздестіруде жүргендігі анықталды. Ұсталғандар қамауға алынып, бопсалау ісі бойынша қылмыстық іс қозғалды», - дейді полковник Козлов.