Алматылық кәсіпкерлер «Жарнама туралы» заңды нақтылап беруді сұрады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда кәсіпкерлердің құқығын қорғау мәселесіне арналған кеңесте бизнесмендер «Жарнама туралы» заңды нақтылауды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кәсіпкерлер дүкендердің маңдайшаларын салынатын салыққа қатысты наразылық білдірді.
Олар мұндай көлемдегі салық салуға еш негіз жоқ деген пікірде.
«Мен супермаркеттер желісінің иесімін. Дүкендердің қасбетінде үлкен маңдайшалар орналасқан. Оларға мейрам кезінде ақпарат орналастырылады. Бұл қаланы безендіру ережелеріне сәйкес. Жай күндері онда нейтралды картина саламыз. Оның еш мағынасы жоқ. Маңдайша біздің шаштараз емес, дүкен екенімізді білдіреді. Мұны жарнама деу қиын. Біз ешкімді қызықтырып жатқан жоқпыз», - деді «Гермес-Трэйд» ЖШС Татьяна Добрынина.
Кәсіпкер «маңдайша» түсінігіне қатысты салық органдары да бірізді пікірде еместігін айты. Жетісу ауданының құзырлы органдары оны жарнама деп тапса, Медеу ауданында оған салық салмады.
Қалалық сәулет және құрылыс басқармасының бас маманы Руслан Керімбаев кәсіпкерлерді алаңдатқан сауалдарға жауап берді.
«Біз заңды негізге аламыз. Онда маңдайша туралы жазылған. Маңдайша ғимаратқа кіре берістегі ақпарат жазылатын тақтай. Онда дүкеннің аты жазылуы мүмкін. Ол жарнама емес. Алайда онда белгілі бір тауардың суреті болса, бұл жарнамаға айналып кетеді», - деді Р.Керімбаев.
Кеңес сарапшылары «Жарнама туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігін айтты.
«Инспектор ақпараттың жай маңдайша әлде жарнама екендігін өзі анықтайды. Заңды нақтыланған критерий жоқ. Бұл сөз жоқ жемқорлыққа әкеледі», - деді Кеңес мүшесі Виктор Ямбаев.
Алматылық бизнесмендер аталған мәселеге байланысты ҰКП-на ұсыныс жолдайтын болды.
Сондай-ақ, салық салушылардың әрекетін қалалық прокуратура тексермек.