Алматылық кәсіпорын жолақыны өзіне алатын жүргізушілермен қалай күреседі
«Бүгінде біздің автопаркте 587 қоғамдық көлік бар. Біз келер жылы қосымша 200 автобус сатып алуды жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда 12 метрлік 100 автобус, 18 метрлік 100 автобус алынады. Бұл көліктердің барлығы газбен жүретін болады», - деді «Алматылектротранс» ЖШС пайдалану қызметінің директоры Нұрлан Елшібаев.
Сонымен қатар, ол автопарк жүргізушілерінің жалақысы 250-270 мың теңге екенін айтты. Қызметкерлер екі күн жұмыс істеп, екі күн демалады.
«Бізде жоспар жоқ. Басқа тасымалдаушылардан ерекшелігіміз сол. Біздің жүргізушілер «бәйгеге «қатыспайды. Оларға жарысуға ешқандай себеп жоқ. Егер олар жол ережесін бұзса, камера арқылы көріп отырамыз. Біз видеоны полицияға жібереміз, ары қарай құқық қорғаушылар жүргізушілерге айыппұл салады, олар тиісті жазасын алады», - деді ол.
Оның айтуынша, егер жүргізушілер жол ережесін бұзса, қайта оқытудан өткізіледі.
Нұрлан Елшібаев жолақыдан түскен қаржыны қалталарына салып отыратын жүргізушілермен қалай күрескендерін де айтты.
«Жүргізушілер қолдарына ақша алмауы үшін басқа жүйе құрдық. Сатылған билеттердің санынан сыйақы беретін болдық. Бұл қор барлық жүргізушілер арасында жұмыс істеген сағат санына қарай бөлінетін болады. Егер бұның алдында жүргізуші 500 теңге қалтасына салып алып, билет бермеген болса, енді оған бұлай етудің қажеті жоқ», - деді Нұрлан Елшібаев.