Алматылық медбике толғағы қысқан әйелді үйде босандырып алды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Орталық қалалық клиникалық ауруханасының медбикесі Ранай Әлсейітова көршісінің қызын үйде босандырып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Аурухананың баспасөз қызметі мәлім еткендей, екінші баласына жүкті келіншек ата-анасының үйінде қонақта болған.
«Жас келіншектің аяқ асты толғағы басталып кеткен. Жедел-жәрдем қызметіне хабарласа алмаған туыстары көршісі, Орталық қалалық клиникалық ауруханасының қызметкері Ранай Әлсейітоваға телефон шалып, көмектесуін өтінген»,- деді Орталық қалалық клиникалық ауруханадан.
Түнгі уақытқа қарамастан көмекке жүгірген Ранай Әлсейітова жас ананы үй жағдайында аман-есен босандырып алды.
«Мен кәдімгі кеңсе қайшысы мен жібек жіпті қолдандым. Шақалақтың кіндігі мойнына екі рет оралып қалған екен. Ал, жүкті келіншектің өзі әлсіреп кетті, соған қарамастан жарты сағатта босандырып алдық. Өмірге дені сау сәби келді. Жаңа туған қыз бен анасын жедел жәрдем бригадасына тапсырдық»,- дейді ол.