Алматылық оқушылар әскери полигонда дайындықтан өтеді

АЛМАТЫ. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматының Түркісіб ауданының 10-11 сынып оқушылары ҚР Аэроұтқыр күштерінің әскери полигонында даярлықтан өтеді.

Алматылық оқушылар әскери полигонда дайындықтан өтеді

Бүгін аудандық Оқушылар үйінде оларды полигонға аттандырып салу рәсімі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мамырдың 19-21-ы аралығында өтетін жаттығу шарасын Түркісіб ауданының әкімдігі, аудандық білім бөлімі мен қорғаныс бөлімі ұйымдастырған. «Әскери- жаттығу сабақтары оқушыларының арасында әскери- патриоттық тәрбиені одан әрі дамытуға ықпал етеді және әскери алғашқы дайындықтың басы болады. Бұндай жаттығулар оқушыларға нағыз әскери өмірге дайындалуға мүмкіндік береді», дейді ұйымдастырушылар.

Әскери-жаттығу сабақтары барысында оқушылар тактикалық дайындық, әскери қызмет негіздері, казармадағы өмір, қаруды қолдана білу, денені шынықтыру және басқада әскери жаттығулар бойынша дайындықтан өтеді.