Алматылық оқушылар математика және механика бойынша халықаралық байқауда жеңіске жетті
Алматы қалалық білім басқармасы таратқан мәліметке сәйкес, байқауға Тәжікстан, Қырғызстан және Қазақстаннан 150-ден астам оқушы қатысты.
Жарыс Алматыда 1-3 наурыз аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультетінің базасында өтті.
Үміткерлер математика, қолданбалы математика, механика және экономикадағы математикалық әдістер сынды бірнеше секция бойынша ғылыми жоба қорғады. Сайыс барысында оқушылар жобасын таныстырып, ерекшелігін айтты.
«Мектеп оқушыларының жеңісіне әрдайым қуанамыз. Бүгін олар тағы да жүлделі орындарға ие болды. Оларды жеңістерімен құттықтаймыз! Білім алуға деген ынта ешқашан сөнбесін. Халықаралық байқау жыл сайын ғылыми-зерттеуге қызығушылық танытқан дарынды оқушыларды анықтау үшін өткізіледі. Осылайша, нақты ғылымды зерттеуге ынталандырамыз», – деді Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.
Байқау қортындысы бойынша, №159 гимназияның оқушылары Абай Бағжан, Жөкен Дияр және № 178 мамандандырылған лицейдің оқушылары Мұқаш Ермұхан, Әубәкір Іңкәр жеңімпаз атанды.
Ал № 178 мамандандырылған лицейдің екі оқушысы – Жалғасбек Адал және Аяжан Маратова күміс жүлдегер атанды.
Үшінші орынды №159 гимназияның оқушылары Ерасыл Есенгелдин, Нұралы Оралбеков, Жанбота Дәуленхан және №39 мамандандырылған лицейдің оқушысы Олжас Майсыұлы иеленді. №83 гимназияның оқушысы Аяулым Шаяхмет қатысқаны үшін грамота алды.
Айта кетейік, былтыр 70-ке жуық алматылық оқушы халықаралық байқауларға қатысып, 43 оқушы жүлделі орынан көрінген еді.