Алматылық өнертапқыш көзі нашар көретін жандарға арнап қосымша ойлап тапты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Көз жанары суалған және нашар көретін жандар енді кез келген мәтінді оңай оқи алады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Любовь Дудченко есімді алматылық 16 жастағы өнертапқыш арнайы қосымша ойлап тапты. Оның жобасы Қытайда жасөспірімдер арасында өткен ғылыми-техникалық байқауда жүлделі орынға ие болған.
«Қосымшаның жұмыс істеу принципі өте қарапайым», - дейді Люба.
Оның көмегімен кез келген терілген мәтін дыбыстық жазбаға немесе брайль таңбасына ауысады. Әлемде мұндай бағдарламалар бар. Алайда Любаның жобасы пайдалану қарапайымдылығымен ерекше. Сондықтан оны шетелде жоғары бағалаған.
«Болашақта жаңа технологиялар жасаумен айналысқым келеді. Бәлкім өз компаниямды ашатын шығармын. Жобаларым мүмкіндігі шектеулі жандарға арналады. Оларға заманауи технологияның көмегімен көмектескім келеді», - дейді Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Любовь Дудченко.
Дәнекерлеуші аспап пен мультиөлшегіш - робот жасаудағы негізгі құралдар. Олармен жұмыс істеуді меңгерген жасөспірім құрылғының техникалық бөлігіне жауапты. Ал жобаны таныстыру - Селимжан Чалышканның міндеті.
«Жобамен күні-түні айналысатын кездер болады. Ондайда маңызды мәселелерді де екінші орынға ысырып қоямыз. Жұмысың нәтижелі болы үшін оған жан тәніңмен беріліп істеу керек», - дейді Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Селимжан Чалышкан.
Любовь Дудченконың инновациялық қоржынында ондаған идеялар мен дайын жобалар бар. Қазір ол телефонға арналған жаңа қосымша жасаумен айналысып жүр.