Алматылық онколог: Қатерлі ісік - үкім емес

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 4 ақпан - Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні. Осыған орай, Алматы қаласының онкологтары ерлер мен әйелдерді ісік ауруының белгілері әлі байқалмаған ерте кезеңде диагноздауға мүмкіндік беретін скринингтік тексеруден өтуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматылық онколог: Қатерлі ісік - үкім емес

Алматы онкологиялық орталығының скрининг бөлімінің меңгерушісі Сұлу Садықованың айтуынша, қатерлі ісік - ол үкім емес.
«Ерте кезеңде анықталған ісік толығымен емделеді. Аурудың белгілері пайда болған және ісіктің таралу мүмкіндігі болған кейінгі кезеңдерде ауруды емдеу күрделене түседі. Соңғы 3 жылда жүргізілген скринингтік тексерулердің нәтижесінде 200-ден астам сүт безі, 40-қа жуық жатыр мойны обыры және 50-ден астам тік ішек пен тоқ ішек ісігі анықталды», - дейді дәрігер.
Маманның айтуынша, тиімді екені дәлелденген қатерлі ісік скринингінің әдістері мынадай: 40-70 жастағы әйелдерде сүт безі обырының маммографиялық скринингі, 2 жылда 1 рет; 30-70 жас аралығындағы әйелдерде 4 жылда бір рет ісік алды және жатыр мойны обырына цитологиялық скрининг жүргізу; Жасырын қан анализі, колоноскопияға тест арқылы тоқ ішек пен тік ішектің қатерлі ісігіне және ісік алды ауруларына скрининг, 50-70 жаста, 2 жылда бір рет. Скринингтен тіркелген жердегі емханадан өтуге болады.
Алматы онкологиялық орталығынан хабарлағандай, Алматыда жыл сайын 30-70 жас аралығындағы 100 мыңнан астам әйел сүт безі мен жатыр мойны обырына, ал 40-70 жас аралығындағы 100 мыңнан астам ерлер мен әйелдер тоқ ішек пен тік ішек обырына скринингтік тексеруден өтеді.
2021 жылы Алматы қаласында қатерлі дертке шалдыққан 4482 науқас анықталды. Оың 34,4 пайызы бастапқы кезеңде болуы, науқастардың қатерлі ісіктен толық айығуына мүмкіндік береді.