Алматылық ортохирургтер күрделі ота жасады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматылық ортохирургтер алғаш рет сынған оң жақ иық сүйегінің басы мен буынына операция жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы қаласының №7 қалалық клиникалық ауруханасы баспасөз қызметінің мәліметінше, қабылдау бөліміне жарақат алған 71 жастағы науқас шұғыл түрде жеткізілді. Оған оң жақ иық сүйегінің басы төрт жерден сынды деген диагноз қойылды.
«Науқас бірден ортохирургия бөліміне жатқызылды. Оның иық сүйегінің басы сынып, үгітіліп кеткен. Оны қалпына келтіру мүмкін емес еді. Толық тексерістен кейін науқастың иығын эндопротездеу бойынша операция жасалды, оған Францияда шығарылған Unik(Evolutis) протез қолданылды», - деп хабарлады ауруханадан.
Бұған дейін франциялық дәрігерлер операцияның мұндай түрі бойынша ортохирургтер арасында шеберлік сағатын өткізген. 2020 жылы Франция, Ресей және қазақстандық дәрігерлер бірлесіп, эндопротездеу бойынша бірнеше ота жасады. Осы жолы жергілікті мамандар аталған операцияны алғаш рет өздері жасады. Ота сәтті өтті.
«Дәрігерлерге емдеу тәсілін таңдау қиынға соқты. Біз алғашқы эндопротездеу әдісін таңдадық. Операция ойдағыдай өтті. Бесінші күні науқастың жағдайы жақсарды. Қолын еркін қимылдата алады. Қазіргі уақытта алғашқы оңалту жұмысы жүргізіліп жатыр», - деді ортохирургия бөлімінің меңгерушісі Арнат Байзақов.
Өз кезегінде, науқас барлық медицина қызметкерлеріне алғыс білдірді.
«Соңғы 3 күн жақсы ұйықтап жүрмін. Қолымды қорықпай еркін қозғай бастадым. Бүгін оң жақ қолыммен тамақ ішуге талпындым. Бұрын төсектен тұруымның өзі мұң еді. Мен дәл осы №7 аурухананың ортохирургия бөліміне түскеніме қуанамын. Әйтпесе, мен мүгедек болып қалар едім», - дейді науқас.
Дәрігерлердің айтуынша, мұндай операция шетелде қомақты қаражатқа жасалады. Мәселен Франция мен Германияда – 18 мың еуродан жоғары. Ал, Алматыда тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен МӘМС аясында жасалады.