18:14, 09 Ақпан 2009 | GMT +5
Алматылық полицейлер былтыр 592 киләнің есірткісін тәркіледі
АЛМАТЫ. Ақпанның 9-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда былтыр полиция қызметкерлері 592 киләнің есірткі заттарын қолға түсірді.

Бұл бүгін қалалық ішкі істер департаментінің 2008 жылғы жұмыс қорытындысына арналған алқалы жиында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бұл 2007 жылмен салыстырғанда үштен бірге дейін артық. Оның 200 киләсі героин. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 8 есе көп. Былтыр сондай-ақ, 700 есірткі тұтынушының есірткі сатып алатын негізгі орындары мен Орталық Азиядан есірткі тасымалдаудың ірі 6 арнасы жойылды», дейді Алматы қаласының ішкі істер департаментінің бастығы Ерлан Тұрғымбаев. Оның айтуынша, бұл шаралар қалада есірткіге қол жетімділік біршама азайып, наркодиспансерлерде сауықтыру үшін есепке алынғандар саны 5 пайызға кеміді. Сонымен қатар, есірткіні мөлшерден артық пайдалану салдарынан көз жұмғандар саны 35 пайызға азайып отыр.