Алматылық полицейлер үйінен кетіп қалған 9 жасар баланы тауып, анасына тапсырды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылық полицейлер үйінен кетіп қалған 9 жасар баланы тауып, анасына тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, сенбі күні кешкі уақытта тоғыз жасар бала ағасымен ұрысып қалып, сырт киімсіз үйден шығып кеткен.
Ата-анасы өздері іздеп таппаған соң полицияға жүгінді.
Іздеуге Алатау аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Данияр Омаровтың өзі қосылды.
Аудандағы барлық учаскелік инспекторлар аяғынан тік тұрғызылды, барлық кіреберістер мен жертөлелер мұқият тексерілді, үйде қалған ұялы телефон да қаралды.
Бейнебақылау жүйесін тексерді.
«Нәтижесінде ұлымыз табылды. Алматы полициясының басшылығына, Данияр Омаров пен оның әріптестерінің кәсібилігіне риза болдым. Қоластындағы қызметкерлеріңіздің арасында осындай жандардың барынша көп болуын шын жүректен тілейміз, өйткені азаматтардың өмірін сақтауға олар даңқ үшін емес, жүрек қалауымен барады», – деді табылған баланың ата-анасы.