Алматылық полицейлер жеті жасар екі баланы мерт қылып, қашып кеткен автокөлік жүргізушісін ұстады

АЛМАТЫ. 5 қаңтар. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматылық полицейлер жеті жасар екі баланы мерт қылып, қашып кеткен автокөлік жүргізушісін ұстады. Бұл қайғылы жағдай 4 қаңтар кні кешкі сағат 6-лардан кейін болған.

Алматылық полицейлер жеті жасар екі баланы мерт қылып, қашып кеткен автокөлік жүргізушісін ұстады

Жетісу ауданында тұратын 1-сыныптың екі оқушысы үйлерінің маңында Яблочкова көшесінде ойнап жүрген. Кенет осы көшеде үлкен жылдамдықпен келе жатқан «БМВ» автокөлігі балаларды қағып өткен.

"Өкінішке қарай, қатты жарақат алған балалар алғашқы медициналық жәрдем келгенше көз жұмған. Ал «БМВ» көлігінің жүргізушісі балаларға көмек көрсетпек түгілі тоқтамаған да. Ол ізін жасырып, балаларды өлімге қиып кете барған. Криминалистердің жіті тексеруінің арқасында көліктің сынық бөлшектерін тауып, оның маркасы мен түсін анықтадық. Біраз уақыт өткен соң ЖПБ инспекторлары қаладағы «БМВ» маркалы көліктерді тексеруге кірісіп, қашқын жүргізушіні құрықтады", -дейді Алматы қаласы ІІД-нің Жол полициясы басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Мұхтар Түсіпов.

Ол сенімхат арқылы көлік жүргізген 25 жастағы алматылық болып шыққан.

«БМВ» автокөлігі оның туған әпкесінікі болып шықты. Өткен кеште досымен бірге көлікке отырған ол жеке меншік сектордан өтіп бара жатып екі баланы қағып кеткен. Ұсталу кезінде ол балаларды көрмей қалдым деп ақталды", - дейді М. Түсіпов.

Уақытша қамау бөлмесіне жеткізілген жүргізушіге ҚР ҚК-нің 296-бабының 3-тармағы бойынша, "көлiк құралдарын пайдалану арқылы жол жүру ережесін бұзып, абайсызда екі адамды мерт қылды, деген айып тағылуда.