Алматылық спортшы өзін half-ironman деңгейінде сынамақ

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылық Сергей Левадний апта бойы триатлоннан аса ұзақ қашықтықты еңсеруге бел шешті. Бүкіләлемдік триатлон корпорациясы (WTC) бекіткен Іronman көрсеткішінің жартысын (half-ironman) орындамақ ниеттегі спортшы бұл қадамға қайырымдылық мақсатта барған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматылық спортшы өзін half-ironman деңгейінде сынамақ

Спортшы «7 күнде 7 іс» қайырымдылық шарасын 20 тамызда бастаған. Ол тұрмысы төмен отбасылардағы ерекше балаларға ел назары ауса, олардың көмегімен бүлдіршіндерді мектепке даярлауға жәрдемдессем дегенді мақсат тұтқан.

«Бұл идея маған халықаралық тәжірибеден келді. Шет елдерде спортшылар  қайырымдылық шарасын насихаттауда аса ұзақ арақашықтықта сыннан өтеді. Мүмкіндігі шектеулі балаларға сабақта,  үйлерінде жайлылық жасалғанын қалаймын.  Ironman жартылай форматында  апта бойы 7 рет (1,9 шақырым жүзу, 90 км веложүріс, 21,1 км жүгіру) триатлон дистанциясын орындауым керек.  Бұл спорт бағдарламасын күннің бірінші ауысымында бітіруге тырысамын. Балаларды мектепке даярлауға  көмектессем деген тілегім жерде қалмасына сенемін», - деді  Сергей Левадний.

Аса ауыр сынақты орындау арқылы Сергей адамдардың назарын қоғамдық мәселеге аударғысы келеді. Тумысынан ерекше балалар, даун синдромы,  аутизммен ауыратын, есту қабілетінен айырылған балалардың ата-анасына  жаңа оқу жылы қарсаңында демеу көрсетуді көздейді.

«Сергей өзінің идеясын ұсынды. Біз  науқас балалардың тізімін жасадық. Әрине ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналарының жағдайы мәз емес. Олар жәрдемақымен ғана күн көріп келеді. Себебі балаға күтім жасау үшін жұмысын тастап, үйде отырады. Қайырымдылық шарасын ұйымдастырушыларға нақты қандай құралдар керегін жеткіздік», - деді «Special Olympics» қоғамдық бірлестігінің директоры Галина Ильина.

Ш.Есенов атындағы қордың Komanda SOS еріктілер кординациялық орталығы Сергейді спорттық жабдықпен қамтамасыз етіп,  ұйымдастыру шарасына  қолдау білдірген. Ал қайырымдылық акциясына бақылау жасауды Алматылық триатлон федерациясы міндетіне алған. 

«Ironman жартылай форматында 7 күн ішінде 7 арақашықтықты орындау оңай шаруа емес. Кез-келген спортшы мұндай тәуекелге бара алмас. Бірақ  Сергей мықты триатлет. Оны жақсы білемін. Оның қолынан бұл іс келеді», - деді белгілі қазақстандық Ironman, триатлоншы әрі жаттықтырушы  Максим Мазур.

Қайырымдылық акциясының бірінші күні, 20 тамыздан бастап мектепке қажетті құралдар (сөмке, дәптер, қалам, қарындаш т.б) жиналуда. Жылу жинау орталығы ретінде Алматыдағы ірі жаттықтыру клубы белгіленген. Кез-келген жанашырлық танытамын деуші Komanda SOS қызметкерлерімен  +7 727 346 92 88 нөмірі арқылы байланыса алады. Мектеп құралдарын жинау акциясы 28 тамыз күні аяқталады.

Сергей Леваднийдің спорттағы сауапты қадамын екі жыл бұрын бастаған. Қайырымдылыққа бағытталған ультратиатлон есебінен спортшы тұрмысы төмен отбасынан шыққан 48 оқушыны оқу құрал-жабдықтарымен қамтамасыз еткен.
null