Алматылық спортшылар қысқы спартакиадада топ жарды

Қарашаның 11-і мен желтоқсанның 28-і аралығында өткен IV қысқы республикалық спартакиада мәресіне жетті. Спартакиаданың ашылу салтанаты Астанадағы «Қазақстан» спорт кешенінде өткен болатын. Спартакиада төрт жылда бір ұйымдастырылады. Биылғы жарыс қысқы спорттың 17 түрінен ұйымдастырылды, оның 7-еуі Алматыда өтті. Олар - шорт-трек, керлинг, қыздар арасындағы шайбалы хоккей, фристайл (ски-кросс), шаңғы қоссайысы, шаңғымен тұғырдан секіру, тау шаңғы спорты.
Алматы қаласының Ақпараттық спорт хабы спартакиаданың қорытындысын жария етті.
«Алматы құрамасының спортшылары жалпы командалық есепте 571 ұпай жинап, жеңіске жетсе, Шығыс Қазақстан облысының командасы 558 ұпаймен екінші орынға жайғасты. Ал үздік үштікті 388 ұпаймен астаналықтар түйіндеді», делінген хаб таратқан мәліметте.
Айта кетер жайт, бұл спартакиада Қазақстанның 14 командасының қатысуымен еліміздің алты қаласы және облыстарында өткізілген болатын.
Жеңімпаздар ұлдар арасындағы шайбалы хоккей және конькимен жүгіру спортынан - Астанада, мәнерлеп сырғанаудан - Шымкентте, биатлон және шаңғы жарысынан - Алматы облысында, фристайл могул мен акробатика, сонымен қоса сноуборд және шаңғымен бағдарланудан ШҚО, допты хоккейден Орал қаласында кубок, медаль және грамоталармен марапатталған еді.
Естеріңізге сала кетсек, бұдан бұрынғы 3-ші спартакиадада Шығыс Қазақстан облысының спортшылары жеңімпаз атанған болатын. Осы жолы олар алматылықтардан тек 13 ұпай ғана ұтылып, екінші орынды қанағат тұтты.