Алматылық студенттер сайлауға белсенді түрде қатысуда - №186-шы сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы
АЛМАТЫ. 3 сәуір. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлтық университетінің студенттері ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында белсенділік танытуда.
Жоғары оқу орнының ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың айтуынша, ҚазҰУ студенттері №186-шы, №187-ші сайлау учакелерінде дауыс беруде.
«Бүгін Қазақстан мемлекетінің тарихында қалатын айтулы күндердің бірі. Ғұламалар - «бүгінгі күніміз ертеңгі тарих» деген екен. Біздің университет мемлекетіміздің болашағын қалайтын жас мамандарды даярлап, олардың дұрыс таңдау жасауына көмектеседі. Ал бүгінгі сайлауда дұрыс таңдау жасау бүкіл қазақ еліне үлкен жауапкершілікті артады», - дейді Ғ.Мұтанов. Оның айтуынша, №186-шы сайлау учаскесінде 8 факультеттен барлығы 3180 адам дауыс беру керек, сағат 11-ге дейін оның 700-ден астамы өз таңдауын жасады. Ал №187-ші сайлау учаскесінде 3024 адамның үштен бірі дауыс беріп үлгерді.
«Студенттер сайлауға белсенді түрде қатысуда. Ауа райының жайсыздығына қарамастан, көңіл-күйлері жақсы. Сайлау учаскесіне бірінші болып келген сайлаушыларды және туған күн иегерлерін құттықтап, сый-сияпат бердік», - деді №186-шы сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы Есберген Алауханов.