Алматылық тәртіп сақшылары есірткі сататын түнгі ойын-сауық орындарын жабуды ұсынуда

АЛМАТЫ. 16 тамыз. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматылық тәртіп сақшылары есірткі сататын түнгі ойын сауық орындарын жабуды ұсынуда.

Алматылық тәртіп сақшылары есірткі сататын түнгі ойын-сауық орындарын жабуды ұсынуда

Мұндай шешімге тәртіп сақшылары қалада есірткі сатуын тоқтатпай келген түнгі клубтарға жүргізген кешенді рейдтерден соң келіп отыр.

«Бүгінгі таңда Алматыда жұрттың ең жиі бас қосатын 30-ға жуық түнгі клубтары жұмыс жасайды. Өткен жылдар тәжірибесі көрсеткендей, көңіл көтеру орындары басшыларының құнтсыздығынан кез келген клиент тиісті мөлшердегі есірткісін сатып ала алады. Бұдан бөлек, түнгі клуб күзетшілерінің өздері есірткі пайдаланып, тіпті жастарға сатуды да кәсіп ете бастаған. Есірткінің етек жая бастауы жастардың келешегіне қауіп төндіріп отыр», - дейді тәртіп сақшылар.

Өткен жексенбі күні қаладағы танымал түнгі клубтың біріне «қонаққа» барған полицейлер қызмет етушілер мен күзет орнына тексеру жүргізді. Онда полицейлер түнгі клубтың төрт бірдей қызметкерінің есірткілік масаңдықта отырғанында үстінен түскен. Түнгі клубтағы есірткі пайдаланған ди-джейдің бірі бұрын аса ауыр қылмысы үшін істі болып қайтқаны анықталды. Ал бұған, түнгі клуб әкімшілігі бас қатырып отырған жоқ.

«Жауапкершілікке мекеме әкімшілігі тартылады. Өкінішке орай, мұндай келеңсіздіктер жиі кездесуде. Сондықтан, бұдан былай түнгі клубтарды тексеруді демалыс сайын жүргізуді әдетке айналдырмақпыз. Рейдтерге журналистерді, әкімдік қызметкерлерін, «Нұр Отан» ХДП-ның Жастар қанатын, сондай-ақ, ІІД кәмелетке толмағандар жөніндегі инспекторларын қатыстырмақпыз», - деді полковник Ермұрат Ізғұтиев.

Мемлекет есірткі мен нашақорлықты тоқтату жолында осы қасіретке қарсы қоғамдық іс-қимылдың ҚР-да 2006-2014 жылдарға арналған нашақорлық пен есірткіге қарсы күрес жөніндегі басым бағыттарының бағдарламасын қабылдаған болатын. Бұл құжат Алматыда да қабылданды. Құжаттың негізгі бағыты нашақорлықтың одан әрі өріс алмауы үшін оның залалын жаппай насихаттау, оған қарсы күресті кешенді түрде ұйымдастыру болып табылады.

Жыл басынан бері Алматы қаласы ІІД есірткіге қарсы күрес басқармасы түнгі клубтарға 70 рет алдын алу рейдтерін жүргізген. Нәтижесінде, есірткі таратудың 5 фактісі әшкереленген, олардың ішінде түнгі клуб күзет қызметкерлері, бармен, ди-джейлер де болған.