Алматылық тәртіп сақшылары көлік ұрлаумен айналысып жүрген қылмыстық топты қолға түсірді
АСТАНА. 22 желтоқсан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Алматылық тәртіп сақшылары арнайы жүргізілген жедел-іздестіру шараларының барысында Алматының екі тұрғынынан тұратын қылмыстық топты құрықтады»,
деп хабарлайды Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.
25 пен 27 жас аралығындағы екі азамат Алматының Жетісу ауданындағы көліктерді ұрлаумен айналысып келген. Тексеру шаралары барысында олардың биылғы жылдың қыркүйегі мен желтоқсан айлары аралығында Алматының маңында жасалған 9 ұрлық әрекетіне қатыстылығы дәлелдеген.
Күдікті азаматтар алдын ала дайындалған жүйе бойынша әрекет еткен. Олар түнгі уақытта үйлердің маңында тұрған «Ваз», «Ауди», «Мазда» сияқты 1990-1993 жылдар аралығындағы ортанқол көліктерді ұрлап, оларды бөлшектеп, Алматының базарларында сатып жүрген.
Полицейлер ұрланған көліктерді бөлшектеліп тасталған күйінде тапқан және табылған көліктерді иелеріне қайтарды. Ал ұсталған азаматтар уақытша ұстау оқшаулағышына жабылып, көлік ұрлығы бойынша қылмыстық іс қозғалды.