Алматылық үкіметтік емес ұйымдар Елбасының өкілеттігін ұзарту жөніндегі бастамаға қолдау білдірді
АЛМАТЫ. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматыда Ө. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында «Ел тілегі - Елбасы» тақырыбында Алматы қаласындағы қазақтілді үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің ҚР Президенті Н. Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту бастамасына қолдау білдіруге арналған дөңгелек үстелі өтті.
Отырысқа қатысушылар талқылау барысында ҚР Президенті Н. Назарбаевтың еліміздегі азаматтық қоғамды дамытуда үкіметтік емес ұйымдарға зор қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті.
«Үкіметтік ұйымдарға жыл сайын мемлекет тарапынан бөлінетін қаржыны 1 миллиард теңгеден асыруды көтерген болатынбыз. Бұл мәселе шешімін тауып, қазіргі таңда қоғамдық озық идеяларды қаржыландыру мен жүзеге асыруға мүмкіндік туды», - деді «Жерұйық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болатбек Төлепберген.
«Желтоқсан жаңғырығы» қозғалысының төрағасы Төлеген Әлжан да осы пікірді қолдап, қарқынды даму жолындағы қазақ еліне Елбасының әрі қарай басшылық ете беруі қажеттігін атап өтті.
Жиын соңында басқосуға қатысушылар Елбасының өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту бастамасын қолдайтындықтарын білдірді.