Алматылық ҰОС ардагерлеріне электр қуаты үшін төлемақы төлеуде жеңілдіктер көрсетіледі
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагерлері «Ардагер - мәңгі даңқ» акциясы аясында 2015 жылдың 1 мамырынан 31 желтоқсанына дейін ай сайын 70 кВт/сағат электр қуаты үшін төлем төлеуден босатылады. Бұл туралы бүгін «АлматыЭнергоТұтыну» ЖШС баспасөз қызметінен хабарлады.
«Ұлы Жеңістің 70 жылдығына байланысты бүкіл ел бұл мерекені кең көлемде атап өтуге дайындалуда. Осы ұлы мерейтойға арнап, «АлматыЭнергоТұтыну» ЖШС «Ардагер - мәңгі даңқ!» акциясын дайындап жатыр. Акция аясында Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне электр энергиясы бойынша төленетін төлемдерге қатысты жеңілдіктер беру қарастырылған», - делінген хабарламада.
Акция аясында 2015 жылдың 1 мамыры мен 31 желтоқсаны аралығында «АлматыЭнергоТұтыну» ЖШС қызмет ету аумағында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагерлері «АлматыЭнергоТұтыну» ЖШС қаражаттарының есебінен айына 70 кВт/сағат электр энергиясын төлеуден босатылады. Осы кезеңде, яғни ағымдағы жылдың соңына дейін ардагерлер тек осы көлемнен артық тұтынған электр энергиясы үшін ғана төлем жасайтын болады.
Компанияның сайтында зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың қалалық және облыстық филиалы мен Ардагерлер кеңестері ұсынған жеңілдікті алатын тұтынушылардың тізімі орналастырылды.