Алматылық велокоманда континеттік лицензия алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматыдағы «Apple Team» жаңа қазақстандық кәсіби велокомандасы Халықаралық велосипедшілер одағының континеттік лицензиясын алды (UCI), деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстанның велосипед спортының федерациясына сілтеме жасап.
Алматылық велокоманда құрамына 15 спортшы кіреді: Илья Давиденок, Артур Федосеев, Дмитрий Риве, Ислам Усманов, Шәкір Әділов, Николай Зайцев, Антон Лаврентьев, Вадим Галеев, Олег Земляков, Илья Горбушин
Павел Гацкий, Дмитрий Лукьянов, Мақсат Аязбаев, Александр Гладилин, Юрий Щербинин. Команданың спорт директоры - Евгений Яковлев.
Велошабандоздардың басым көпшілігі - алматылық спортшылар. Команда елдегі бірінші өңірлік велоклубтардың бірі - «Алматы велоклубының» негізінде құрылған.
2017 жылы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен жаңа континенттік клуб мәртебесін иеленуге кіріскен болатын. Команданың тұсаукесер рәсімі былтыр қыркүйек айында «Тур Алматы 2017» халықаралық кәсіби веложарысының бесінші мерейтойлық кезеңінде өткен еді.
Жаңа континенттік велокоманданың киімінде - жасыл жапырақты қызыл алма бейнеленген.
«Apple Team» спорт директоры Евгений Яковлевтің айтуынша, бірінші маусым едәуір күрделі болады.
«Алдымен клубтың жұмысын бапқа келтіру қажет. Біз көптеген қиыншылықтарға алғашқы рет бетпе-бет кездесетін боламыз. Бағымызға орай, Қазақстанда велоспорт айтарлықтай дамыған, әрі «Apple Team» еліміздегі үшінші континенттік команда болғандықтан, біз әріптестеріміздің тәжірибесіне сүйене аламыз. Біз алдымызға жақсы нәтижелерге жету, келешегі бар спортшылар мен жаңа демеушілерді тарту, сондай-ақ маңызды халықаралық жарыстарға дайындалу мақсаттарын қоямыз», - дейді Евгений Яковлев.