Алматылық волейболшы қыздар Қазақстан кубогының алғашқы кезеңін сәтті бастады
26 қазанға дейін созылатын бұл жарыстың кеше алғашқы кездесулері болды. Онда «Алматы», «Спартак АМТ» (Теміртау), «ШығысҚорғасынҚұрылыс» (Өскемен) командалары алғашқы жеңістеріне қол жеткізді. Онда «алматылықтар» Астананың «Оқушылар сарайы» (25-6, 25-4, 25-9), «қостанайлықтар» Астананың «Грация Астана KZ» (25-12, 25-15. 25-21), өскемендіктер «Қарағанды-2» (25-8, 25-21, 25-7) командаларын 3:0, ал теміртаулықтар Талдықорғанның «Жетісу-2» командасын 3:1 (26-24, 25-15. 16-25, 25-18) есебімен ұтты.
Бүгін енді талдықорғандықтар - қарағандылық, алматылықтар - қостанайлық, ал астаналық қос команда өзара күш сынасады. Топтық кезеңнің сайыстары 23 қазанда аяқталады. Сәрсенбі күні өз тобында үздік шыққандар қарсы топта 4-ші орны алғандармен, ал екінші орны алғандар үшінші орындағылармен кездеседі.
Жалпы ел кубогында бұған дейін Алматы қаласының «Рахат» командасы 2000-2005, 2007 жылдары 7 рет жеңімпаз атанған болатын. Ал бұл мәртебеге Талдықорғанның «Жетісу» командасы 2006, 2008-2011 жылдары 5 рет, Астананың «Астана қанаты» 1999 жылы 1 рет ие болды.