Алматылық волейболшы қыздар Қазақстан кубогының ширек финалында үздік үштіктің қатарында келе жатыр
АЛМАТЫ. 8 қараша. ҚазАқпарат - Қарағандыда волейболдан әйелдер командалары арасындағы Қазақстан кубогының ширек финалдық ойындарында «жетісулықтар» 5 кездесуден кейін ең жоғары 15 ұпаймен қарсыластарынан ұзап кетті.
Талдықорған қаласының спортшыларынан ғана ұтылған алаң иелері 12 ұпаймен екінші сатыда келе жатыр. Ал қоржындарында 9 ұпайы бар «Алматы», «Ертіс-Қазхром» (Павлодар), «Астана» командалары 3-5 орынды өзара бөліссе, 6 ұпаймен қостанайлықтар алтыншы, ал жеңілістен көз ашпай келе жатқан «Спартак АМТ» (Теміртау) мен «Грация Астана KZ» турнир кестесінің соңында қалып қойды. Ертең енді «Қостанай» мен «Астана», «Грация Астана KZ» пен «Жетісу», «Алматы» мен «Ертіс-Қазхром», «Қарағанды» мен «Спартак АМТ» өзара жұп құрайды. Ал сенбі күніжетісулықтар қостанайлық, астаналықтардың «Грация Астана KZ» командасы теміртаулықтармен, ал негізгі командасы алматылықтармен және павлодарлықтар қарағандылықтармен ақтық ойындарын өткізеді.