Алматылық волейболшы жігіттер Ұлттық лигада чемпиондық атаққа мерзімінен бұрын қол жеткізді

АЛМАТЫ. 3 сәуір. ҚазАқпарат - «Алматы» волейбол клубы ерлер арасында Ұлттық лигада осымен қатарынан алтыншы рет ел чемпионы атанғалы отыр.

Алматылық волейболшы жігіттер Ұлттық лигада чемпиондық атаққа мерзімінен бұрын қол жеткізді

28 наурызда басталған 5-турда мерзімінен бұрын жеңімпаз атанған олар қазір турнир кестесінде 28 кездесуден кейін 64 ұпаймен барлық қарсыластарын шаң қаптырып келе жатыр. Хромтаулықтарда («ТНК Қазхром») - 57, оралдықтарда («Конденсат») - 53, «павлодарлықтарда» (1 ойыны артық) - 46, «атыраулықтарда» - 39, қызылжарлықтарда («Есіл») - 20, өскемендіктерде («Шығыс-ҚорғасынҚұрылыс») 18 ұпай ғана бар.

Бүгін Өскемен мен Атырау, Хромтау мен Қызылжар, Алматы мен Орал волейболшылары өзара күш сынасады. Ал ертең Қызылжар мен Өскемен, Орал мен Хромтау, Павлодар мен Алматы командалары ақтық ойындарын өткізеді. «Шығыс-ҚорғасынҚұрылыс» бұған дейін «Атыраудан» 2 рет басым түсіп (3:2, 3:1), 2 рет ойсырай ұтылған (0:3) болатын. «ТНК Қазхром» болса қызылжарлықтардан 4 ойында да мерейі үстем болды. «Алматы» «Конденсаттты» 3 рет ұтып, 1 рет 2:3 есебімен жеңілістің ащы дәмін татты. Ал, «Есіл» мен «Шығыс-ҚорғасынҚұрылыс» сайысында қызылжарлықтар 4 кездесуде де басым түсті. «Конденсат» мен «ТНК Қазхром», «Павлодар» мен «Алматы» кездесуінде оралдықтар да, павлодарлықтар да 3 рет жеңіліс тауып, 1 рет ғана 3:2 есебімен басым түскен еді.