Алматылық волейболшылар Ұлттық лигадағы әйелдер командалары арасындағы көшбасшылардың бірін ұпай бөлісуге мәжбүр етті
АЛМАТЫ. 26 қаңтар. ҚазАқпарат - Щучинск қаласында волейболдан Ұлттық лигадағы әйелдер командалары арасында ХХІ Қазақстан чемпионатының 3-ші турындағы «Алматы» мен «Астана» арасындағы кездесу 2:3 есебімен аяқталды.
Алғашқы 2 турдың қорытындысы бойынша 8 ойында 5 ұпаймен турнир кестесінде көш соңында қалып қойған алматылықтар 15 ұпаймен 2-ші сатыда тұрған астаналықтардан 1 ұпай олжалады. Ал 3-ші сатыда тұрған «қарағандылықтар» өздерін өкшелеп келе жатқан павлодарлықтарды («Ертіс-Қазхром») 3:0 есебімен ойсырата ұтты. Бүгін енді «Алматы» мен «Ертіс-Қазхром», «Жетісу» (Талдықорған) мен «Астана» өзара күш сынасады. «Жетісулықтардың» ел чемпионатында 2011 жылдан бері қарсылас шақ келтірмей жүргенін және бұл маусымда да 8 ойыннан кейін 23 ұпаймен көшбасшылық тізгінді өз қолына берік ұстап келе жатқанын ескерсек, астаналықтарға бұл кездесу оңайға түспейтін сияқты. Көш соңындағы командамен ұпай бөліскен олардың бұл сайыста жеңіске жетуі өте қиын.