Алматылық жас полиция мамандары ардагер генералдардан тәлім алады
АЛМАТЫ. Маусымның 9-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматы қалалық ІІД-де ардагер генералдардың кездесуі өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы қалалық ІІД жанында Генералдар кеңесі жұмыс істейді. Кеңес мүшелері жас мамандарды тәрбиелеу, білім беру, тәжірибелерімен бөлісу мәселелеріне белсенді атсалысады. Кездесу барысында ІІД бастығы, генерал-майор Ерлан Тұрғымбаев ардагер генералдарға Алматының ерекше мәртебесі бар қала екендігіне, тұрғындардың да саны көп екендігіне тоқтала келе, бұл полиция қызметкерлерінің үлкен кәсібилігін талап ететіндігін атап өтті. Оның айтуынша, полиция қатарына жаңа қызметкерлерді алуда генералдар тәжірибесінің енгізілуі оңды жаңалық және олардың өмірден тоқығандары жастарға аса қажет.
«Жыл сайын Қазақстан полициясының кадрлық құрамы жасарып келеді. Сондықтан ардагер генералдардың тәжірибесі міндетті түрде керек», - деді отырыс барысында «Қазақстан генералдарының кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі президиумының төрағасы Рүстем Қайдаров.