Алматылық жас жігіт кітапхана жұмысының бірыңғай жүйесін ойлап тапты
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- 25 жастағы алматылық Мұқатай Мәлік кітапхана қорының толық технологиялық циклдерін жүзеге асыруды қамтамасыз ететін Қазақстандағы бірінші орталықтандырылған серверлік жүйені әзірледі. QAZAQ MURA деп аталатын кітапханалық жұмысты автоматтандыру жүйесі бүгінде қолданысқа еніп те үлгерді. ҚазАқпарат тілшісі жаңа платформаның аяқ алысы мен маңыздылығы туралы аталмыш цифрлы кітапхана жүйесінің тең құрылтайшысы IT-маманы Мұқатай Мәлікпен сұқбаттасқан еді.
-Мұқатай Маратұлы QAZAQ MURA-кітапханалық жұмысты автоматтандыру жүйесін білуімше, сіз құрдыныз. Бүгінде жоба инвесторлар тарапынан 20 млн долларға бағаланғаны рас па?
- Мен өзім IT-маманымын. Студенттік кезден сайт жасау, мобильді қосымшаларды әзірлеумен айналысамын. Бала кезден кітап оқуға құмармын. Алайда мектеп кезінен оқығым келген кітаптардың өзіміздің кітапханаларда қолжетімді бола бермейтін, олар электронды нұсқада болса деген ой жылдар бойы мені мазалады. Осы сұрақтың жауабын табуға біраз іздендім десем болады. Басты проблеманы айта кетсем, елімізде әлі кітапханалардың жүйесінің бірегей стардарты жоқ. Мен бұл жобаны қолға алмас бұрын оны коммерциалық мақсаттан бұрын, әлеуметтік жоба деп қарастырдым. Себебі жас маман ретінде еліміздің білім саласының өркендеуіне, балалардың заманауи талаптарға негізделе оңтайлы шешімдермен білім алуына өзімнің үлесімді қосқым келді. Бұл жобаны мен жеке DIP KZ ЖШС компаниясымен бірлесіп жасадым. Бүгінде жүйе өз жұмысын бастап та кетті. Инвесторлар тарапынан да жоба қомақты қаржыға бағаланғаны да шын. Бүгінде платформа біздің елмен қатар Өзбекстан және Ресей елдерінде енгізіліп жатыр.
- QAZAQMURA жүйесінің басты ерекшелігі неде?
- Бұл кітапхана жұмысын негізге ала отырып, жалпы білім саласында мульти шешім жасауымыз болып отыр. Яғни кітапханашы ғана емес, оқырмандар, баспалар мен білім басқармасы жүйеге қосыла алады. Соның арқасында жүйе барлық мектептерден шынайы ақпараттар жинай отырып, Қазақстан бойынша қысқаша деректердің жиынын ұсына алады. Бұл ақпарат өз алды кейін шешім қабылдау барысында үлкен рөл ойнайтын болады. Қысқаша айтатын болсақ, кітапхана саласын цифрландыру бүгінгі білім берудегі жаңа негізгі бағыт деп айтуға болады. Басқа ерекшеліктерін айтатын болсақ, жүйені әртүрлі деңгейдегі және филиалдардағы кітапханаларда пайдалануға арналған. Кітапхана ақпаратына негізделген құжат айналымы жүйесін пайдалануға және кітапхана қорын басқаруға мүмкіндік береді.
-Бұрын сонды мұндай цифрландырылған жүйе елімізде болды ма?
-Кітапхана жұмысына байланысты локальды бағдарламалар ғана болды, көбінде олар Қазақстан бойынша, Ресей немесе Қырғызстанда жасалған бағдарлама қолданылды және айтарлықтай қымбат болған. Біздің жасап жатқан жүйе толық отандық және бағасы жағынан қолжетімді. Ең бастысы, қолжетімді ақшаға локальды емес, толық WEB кез- келген ноутбук, компьютер кіре алады, жұмыс жеңіл болу үшін ios пен android үшін қосымша жасадық. Кітапханадан бөлек, бүкіл мектеп пен білім құрылымын қамтамасыз ететін жүйе әзірледік. Қысқаша айтатын болсам, біздің мақсатымыз- кітапхана саласындағы нарықта кітапхана жүйесін жаңа деңгейге көтеру.
Болашақта біздің еліміздің кітапханаларының жұмысын жүйелі түрде жолға қою үшін, әлі де біраз еңбектену керек. Бұл тек бастама. Бірлескен жұмыс елімізде электрондық кітаптар мен электрондық кітапханалар нарығын дамытуға мүмкіндік береді деп үміттенемін.
- Кітапхана жұмысын бір арнаға тоғыстыру қаншалықты тиімді деп ойлайсыз? QAZAQMURA жүйесі кітапхана жұмысына қалай әсер етпек?
-Қазіргі уақытта республика бойынша барлық кітапханашылар журналдарды, актілерді, тізімдерді, түрлі үлгідегі құжаттарды толтыруда. Біз барлық қағаз жұмыстарын алып тастаймыз, құжаттар жүйеде жиналған ақпарат бойынша қалыптасады, болашақта оларды жүктеп алуға және басып шығаруға болады. Яғни, кітапханашылардың өздері уақыттарын үнемдейді, сонымен қатар толтырылған құжаттар толған архивтерді де ұмытуға болады.
Аталған жүйе, яғни кітапханашыларға және олармен әрекеттесетіндерге: оқырмандарға, мұғалімдерге, министрліктер мен білім басқармаларына арналған бірыңғай ақпараттық базаны іске қосу, мониторинг, бағалау, біртұтас жұмыс форматын құру және өңірлер шегінде рейтинг жүргізуге мүмкіндік береді. Болашақта кітапхана үшін бұл жаңарту мен өзгерістер енгізуге жол ашады.
-Бүгінде платформа базасында қанша кітап (дерекқор көлемі) тіркелген?
-Қазіргі таңда библиографиялық жазбалар саны 10000-ға жуық, оның ішінде 600 оқулықтар, ал электрондық кітаптардың 150 данасы бар.
-Платформаны жүзе асыру кезінде қандай да бір қиындықтар туындады ма?
-Басты қиындық кітапханашыларды дайындау болды, өйткені көпшілігі локальды шешімге әбден үйреніп қалған.
-Жүйені іске асыру барысында қандай ресурстар пайдаландыңыздар?
- Бір жыл бойы кітапхана саласын өзіміз зерттедік, алайда жүйені әзірлеу кезінде бізге республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының кітапханашылары көп көмектесті. Бізге кітапханалар қалай және қандай құжаттармен жұмыс істейтінін басынан аяғына дейін көрсетіп түсіндірді.
- Болашақта бұл жүйенің аяқ алысы қалай болмақ?
- Бұл туралы айтуға әлі ерте, қазірше алға қойған мақсаттар мен міндеттер бар. Соған орай біз көптеген басқа интеграциялық мүмкіндіктерді қосқымыз келеді. Дегенмен, бәрі біздің тұтынушыларымызға және олардың пікірлеріне байланысты.
- Оқушылар, кітапханашылар мен жалпы өскелең ұрпақ үшін басты пайдасын атап өте аласыз ба?
- Егер пайдасы мен мүмкіндіктерін талдасақ олар көп, бірақ негізгісін айтатын болсақ: Бұл жүйеде аз дегенде бір жыл жұмыс істелсе, жиналған ақпаратты талдау негізінде ел кітапханасын одан әрі дамытудың перспективалық және стратегиялық бағыттарын, миссиясын, мақсаттары мен міндеттерін анықтау мүмкіндігі беріледі. Себебі қандай кітаптар шынымен қажат, сұраныс көп және қандай кітаптарға еш негізсіз ақша бөлініп, кітапханаларда тұрғанын біле алады.
Сонымен қатар ең бастысы оқулықтар мен көркем әдебиет үшін алғашқы оқу қосымшасы болады. Мәліметтер базасының бір жерде болатыны болашақ ұрпақ үшін өте ыңғайлы әлі бүгінде сұраныста.
- Бұл жүйенің мобильді қосымшасы жайлы айтып кетсеңіз?
- QAZAQMURA жүйесі арқылы, кітапхананы автоматтандырып қана қоймай, сонымен қатар оқырмандар үшін, OQU қосымшасын ұсынып жатырмыз. OQU- оқырмандарға арналған. Ол мектеп қорына қол жеткізуге (ыңғайлы фильтрация), QR идентификаторы (QR коды пайдаланушылар тізілімінің ішкі дерекқорымен байланысты және кітапханашыларға пайдаланушыны бірнеше секунд ішінде табуға, қордағы кітаптарға өтінімдер тастауға, кітапхана картасын басқаруға (кітапты беру және қайтару тарихы және беру мерзімі), электронды кітаптарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Оқырмандар үшін OQU- бұл барлық ақпарат бар көмекші және анықтамалық, ал кітапханашылар үшін оқырмандармен өзара әрекеттесуді жеңілдетеді.
-Сұқбатыңызға рақмет!