Алматылықтар 8 наурызға қандай гүл түрлерін таңдайды - фоторепортаж
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- 8 наурыз – көктемнің басты мерекелерінің бірі, сұлулықтың, нәзіктіктің символы. Бұл күні ер адамдар өздеріне қымбат жандарды, аналарын, әпкелерін, әжелерін және әріптестерін сыйлықтармен, әсіресе гүлмен қуантуға асығады. 8 наурыз қарсаңында алматылықтар қандай гүлді жиі таңдайтынын ҚазАқпарат тілшілері анықтап көрді.
Қазір Алматыда гүлдер жәрмеңкесі өтіп жатыр. Мұнда гүлдің алуан түрі бар. Флористер сатып алушыларға ұзақ уақыт сақталатын гүлдерді ұсынады.
Яғни, өсімдіктердің жасушаларындағы судың орнына консервант қолданады. Ол гүлді әдемі қалпында сақтайды.





«Біз тұрақтандырылған гүлдермен айналысамыз, олар төзімді болады. 3 жылдан 5 жылға дейін жайқалып өсіп тұрады. Оларға күтім жасау қиын емес. Арнайы талаптар жоқ. Ең бастысы - гүлдерді күн сәулесі мен ылғалдан аулақ ұстау қажет. Оларды шаңнан тазарту үшін жұмсақ мата немесе фенді пайдалануға болады. Мұндағы әрбір раушан гүлге күтім жасаймыз. Олар бізге Ресейден жеткізіледі. Флористер әрбір гүлдің жапырағын қолмен қайта желімдейді. Сондықтан бағасы қымбат – 10 мың теңгеден жоғары», – дейді Надежда есімді гүл өсіруші.



Полина есімді флористе те тұрақтандырылған, көпжылдық гүл сатады.
«Елімізде тұрақтандырылған гүлдер енді ғана қарқын алып келеді. Бірнеше жыл бұрын флористика саласында осындай бағыт пайда болды. Сұраныс жаман емес. Мендегі гүлдердің бағасы көлемі мен түріне байланысты 3500 теңгеден басталады»,- дейді ол.
Сонымен қатар, ол 8 наурызға қарай қызғалдақ гүліне сұраныс ерекше жоғары болатынын тілге тиек етті.
«Біз қызғалдақ гүлін де сатамыз. Олардың барлығы жергілікті, Алматы облысынан әкеліп жатыр, бір данасы 700-800 теңгеден. Голландиялықтары да бар, бірақ сәл қымбаттау. Қызғалдақтардың түрі көп», - деп жауап берді ол.


Гүл сатушы Лейла қызғалдақтардың тез солып қалатынын айтты. Қараңғы жерде шамамен 5 күн сақталады.
«Күндіз және жылы кезде қызғалдақтар ашыла бастайды, ал түнде жабылады. Оны тамырымен сатып алуға да болады. Оларды Алматы іргесіндегі жылыжайларда өсіріп, сол жерден бізге әкеліп жатыр. Бізде 40-тан 70 см-ге дейін әртүрлі көлемдегі қызғалдақтар бар», - деді Лейла.

Арзан гүлдерді қаланың төменгі бөлігінде табуға болады. Мұнда сіз түрлі-түсті қызғалдақтарды ғана емес, раушан гүлін де сатып ала аласыз.
Қызғалдақтар сорты мен көлеміне қарай 500 теңгеден және одан жоғары, ал раушан гүлдері 900 теңгеден басталады.


Бұған дейін ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде сырт елдерден гүлдерді әкелуге байланысты қызықты деректермен бөлісті.
2022 жылдың қаңтар-ақпан айларында Қазақстанға барлығы салмағы 1 085 тонна, құны 8,5 млн АҚШ долларына тең гүл әкелінген.

Биыл гүлдер Нидерланд (535 тонна), Бельгия (162 тонна), Германия (115 тонна), Эквадор (94 тонна), Литва (79 тонна), Колумбия (54 тонна), Өзбекстан (69 тонна), Кения (15 тонна), Словакия (5 тонна), Израиль (4 тонна) және Түркия (3 тонна) елдерінен әкелінген.

























