Алматылықтар барлық эпидқауіпсіздік шараларын сақтағаны дұрыс – Бақытжан Сағынтаев
Алматы эпидемиологиялық бағалау матрицасы бойынша әлі қызыл аймақта.
«22 қыркүйекте қалада коронавирус инфекциясының 164 289 жағдайы тіркелді, оның ішінде 141 872 науқас симптомды және 22 417 – симптомсыз, анықталмаған пневмония – 2346. 21 қыркүйете коронавирус инфекциясының 498 жағдайы тіркелді, оның ішінде 470-і симптомды, 28-і симптомсыз, анықталмаған пневмония – 5»,- деді қала әкімі.
Бақытжан Сағынтаев қалада коронавирусқа шалдыққан науқастарға арналған төсек орындар мен науқастардың бүгінгі нақты санын айтты: «Инфекциялық стационарларда 5230 төсек орын бар, оларда 2337 адам емделуде, оның ішінде 111 бала. 100 науқас ауруханаға өте ауыр жағдайда түсті, 993-інің жағдайы ауыр, 1241-і орташа ауырлықта, 3-інің жағдайы жеңіл. Реанимация және интенсивті терапия бөлімінде 229 науқас жатыр. ӨЖЖ аппаратында – 43, инвазивті емес ӨЖЖ – 103, High flow аппаратындағылар – 68».
Шаһар басшысы әлі де санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын сақтау керектігін және індетке қарсы жаппай вакциналану - инфекцияның жаңа толқынының алдын алуға көмектесетінін айтты.
«Екпе салдыру еліміздің кейбір аймақтарында тіркелген жаңа Eta штаммына да тосқауыл болады»,- деді Б.Сағынтаев.
Өткен тәуліктерде бірінші компонентпен 2417 адам, екінші компонентпен 3906 адам вакцинацияланды. 1 ақпаннан 21 қыркүйекке дейінгі аралықта 933 678 адам I компонентпен, 827 239 ІІ компонентпен егілді.