Алматылықтар қала күніне арналған велошеруге қатысты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында қала күніне арналған велошеру өтті, деп хабарлайды Ақпараттық және спорттық ХАБ.
600-ден аса әуесқойлар «Нұрлы Тау» бизнес орталығынан бастап Тұңғыш Президент саябағына дейін созылған 9 шақырымдық қашықтықты бағындырды. Олардың арасында бокстан жастар арасында Азия чемпиондары - Санатәлі және Саматәлі Төлтаевтар, спорттық акробатикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері - Айгүл Дүкенбаева, ушудан жазғы Универсиада-2017 ойындарының күміс жүлдегері - Руслан Либировтар велошеруге қатысты.


«Мен велосипедпен жүрмегелі көп болды. Бала кезімде жиі тебетінмін, ал қазір жаттығулардан қол босамайды. Бірақ бүгінгі велошеру өте керемет болды, маған ұнады. Алдағы уақытта да қатысамын деген ойдамын. Барлық алматылықтарды қала күнімен құттықтаймын!» - деді Руслан Либиров.
Мәреде қатысушылардың арасында бағалы сыйлықтар және велосипедтер ойнатылып, «Office air» компаниясының атынан сертификаттар таратылды. Сонымен қатар Mad Kings Crew би командасы өз өнерлерін ортаға салып, велошабандоздарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

«Мен алматылық велошерулерге басталғаннан бері қатысып келемін және жібермеуге тырысамын. Маған велосипедпен жүрген өте ұнайды. Жұмысқа да велосипедпен барамын. Ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Велосипед ұтып алғаныма өте қуаныштымын», - деді велосипед ұтып алған Жеңісгүл Оспанова.
Айта кетер жайт, осы велошеру «Спорттық Алматы» қалалық бағдарламасының қолдауымен 2017-ші жылы жоспарланған 21 велошерудіі он сегізіншісі болып саналады.
«Спорттық Алматы» бағдарламасы мегаполистегі бұқаралық спортты дамыту мақсатында жүзеге асырылуда.

Бұл бағдарлама Мемлекет басшысының «Жаңа онжылдықтағы - экономикалық серпін, Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» жолдауында көрсетілген тапсырманы жүзеге асыру мақсатында қабылданған.
Бағдарлама аясында бұқаралық псортты дамытуға бағытталған түрлі спорттық шаралар, турнирлер, жарыстар өткізіліп тұрады.
2016 жылы 1077 спорттық шара ұйымдастырылып, оған 107 549 адам қатысқан.