Алматылықтар Қазан фестивалінің бас жүлдесін алған фильмді тамашалады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әділхан Ержановтың «Ласковое безразличие мира» кинолентасы Almaty film festival аясында көрерменге жол тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған фильм Қазанда өткен мұсылман фильмдері Халықаралық кинофестивалінің бас жүлдесін ұтып алған болатын.

Режиссердің жаңа жұмысы мұның алдындағылары сияқты жолын фестивальдардан бастады.

Фильм Канн кинофестивалінің «Ерекше көзқарас» аталымына қатысты. Қазандағы мұсылман фильмдері фестивалінде үздік толықметражды фильм деген аталымда бас жүлдені ұтып алды. Ал бас кейіпкер Қуандық Дүйсенбаев үздік ер адам рөлін сомдаған актер ретінде танылды.

Бүгінгі премьерада Алматыдағы кинозалда ине шаншар жер болмады.

Ұйымдастырушылар кіре алмай қалған адамдарға 19-қыркүйекте көрсетуге уәде берді. Сонымен қатар, қазір аталған фильмді 8-22 қыркүйек аралығында кең прокатқа шығару туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Туындының сюжеті бойынша Салтанат (Динара Бақтыбаева) шалғайдағы ауылда ата-анасымен тұрады.

Бауырлары қалада тұрады. Қыздың әкесі елге қарыз болып, өзіне қол салады. Енді қарыздың тауқыметі анасының мойнына түседі. Екеуі қалаға көшуге бел буады. Салтанатпен бірге оған ғашық жігіт Қуандық та жолға шығады.

Қалада жастар ақша табудың жолында бірқатар қиындықтарға кездеседі. Кинода екі жастың арасындағы махаббат көрініс тапқан.

«Бұл фильм өнерде де, өмірде де үлкен маңызға ие иман мен махаббат туралы сыр шертеді. Мен осы жолы қараңғылық құрсауынан шығып, жақсы фильм түсіруді жөн көрдім. Ресейлік оператор Айдар Шәріпов менің жұмысымды тегін түсіріп берді. «Ласковое безразличие мира» біздің фольклорға негізделген. Қозы мен Баянның махаббаты көрсетілген. Біз дала аңызының қаладағы үлгісін көрсетуге тырыстық», - деді Әділхан Ержанов.

Кинодағы музыканы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның түлегі Нұрасыл Нұриддин жазды.

Киносыншы Олег Борецкий Әділжанның жаңа жұмысын бұрынғыдан қарағанда «ересек» деп бағалады.

«Әділхан экзотикадан этикаға бет бұрды. Біз бүгін ең керемет кино көрдік», - деді Олег Борецкий.

Айта кету керек, аталған фильм Францияда екінші апта прокатта көрсетіліп жатыр.

Соңғы жаңалықтар
telegram